Accessibility links

Қазақстан Украинадағы жағдайды бейбіт реттеуге шақырды


Симферопольда жергілікті үкімет үйін қоршап тұрған белгісіз қарулы адамдар. Украина, 2 наурыз 2014 жыл.
Симферопольда жергілікті үкімет үйін қоршап тұрған белгісіз қарулы адамдар. Украина, 2 наурыз 2014 жыл.
"Қазақстан Украинадағы оқиғаларға байланысты ерекше алаңдаушылық танытып, шиеленісті келіссөздер арқылы шешуге шақырады" деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігі.

"Шиеленістің одан әрі өрбуі аймақтық, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы күтпеген нәтижелерге алып келуі мүмкін. Қазақстан барлық тараптарды жағдайды реттеу барысында күш қолданудан бас тартуға және қалыптасқан мәселені келіссөздер арқылы шешу мақсатында барынша саяси күш-жігер танытуға шақырады. Бұл шешім халықаралық құқықтың фундаменталды қағидаттарына негізделуі тиіс" делінген мәлімдемеде.

Қазақстан барлық мүдделі тараптарды жағдайды бағамдауда "байсалды, әділетті болуға және жауапкершілік танытып, дағдарысты ушықтыруға себеп болатын әрекеттерден бас тартуға" шақырады.

1 наурыз күні Ресейдің федерации кеңесі Ресей қарулы күштерін Украина территориясында пайдалану туралы ел президенті Путиннің ұсынысын қолдады. Президент Владимир Путин федерация кеңесінен "жағдай тұрақтанғанша Украина территориясында әскер пайдалануға" рұқсат сұраған еді. Ресей парламентінің жоғарғы палатасы - федерация кеңесі спикері Валентина Матвиенконың айтуынша, қаулы қабылданған мезеттен бастап күшіне енген.
XS
SM
MD
LG