Accessibility links

Астанада Ресейге наразы белсендіні полиция ұстады


Наразылық танытқан белсенді Махамбет Әбжанды полиция ұстағалы жатқан сәт. Астана, 3 наурыз 2014 жыл.

Наразылық танытқан белсенді Махамбет Әбжанды полиция ұстағалы жатқан сәт. Астана, 3 наурыз 2014 жыл.

Астанада полиция Ресей елшілігі алдында наразылық акциясына қатысқан азаматтық белсенді, "Антигептил" қозғалысының мүшесі Махамбет Әбжанды ұстап әкетті.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ресей елшілігі алдында түс кезінде он шақты адам жиналды. Белсенділердің айтуынша, олар Ресейдің Украина аумағына басып кіруіне наразылықтарын білдіру үшін жиылған. Белсенділер "Қырымда болып жатқан жағдайлар Ресейдің Қазақстан аумағындағы кейбір жалға алған нысандары туралы келісім-шарттарды бұзу қажетін көрсетіп отыр" деп санайды.

Ресей елшілігіне барған прокурорлар белсенділерге "рұқсат етілмеген акция өткізіп жатқандарын" ескертті.

Ал акцияға қатысушылардың бірі Махамбет Әбжан "Кеше - Абхазия, Осетия. Бүгін - Қырым. Ертең - Солтүстік Қазақстан" деген жазу жазылған плакатты жазып жіберген мезетте оны бірден полиция ұстап әкетті.

Басқа белсенділер әкелген плакаттарын жайған жоқ. Акция шамамен жарты сағатқа созылып, кейін белсенділер тарап кетті. Ресей елшілігінен олармен жолығуға ешкім шыққан жоқ.

1 наурызда Ресейдің федерация кеңесі Ресей әскерін Украинада "қоғамдық-саяси жағдай тұрақтанғанға дейін" пайдалануды бірауыздан мақұлдаған еді. Украинада әскер пайдалануды Ресей президенті Владимир Путин ұсынған.

Украина билігі этникалық орыстар көп тұратын, Ресейдің әскери теңіз флоты орналасқан Қырым аумағына бірнеше мың ресейлік әскер әкелінгенін мәлімдеген.

Қырымда болып жатқан оқиғалар Батыс елдерінің алаңдаушылығын тудырды. АҚШ, Еуропа Одағы мен НАТО Ресейді Украинадан әскерін шығарып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырды.
XS
SM
MD
LG