Accessibility links

Мұхтар Тайжанға айыппұл салынды


Мұхтар Тайжан, "Ресей Украйнадан тарт қолыңды" деген плакат көтерген белсенді топ Алматыдағы Ресейдің бас консулдығының алдына келді. Алматы, 3 наурыз 2014 жыл.
Мұхтар Тайжан, "Ресей Украйнадан тарт қолыңды" деген плакат көтерген белсенді топ Алматыдағы Ресейдің бас консулдығының алдына келді. Алматы, 3 наурыз 2014 жыл.
Алматы қаласының ауданаралық арнайы әкімшілік соты қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанға Алматыдағы Ресейдің консулдығы алдында "заңсыз жиын өткізгені үшін" 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Сот үкімі туралы ақпарат белсенді дүйсенбі күні кешкісін сот біткеннен кейін оның Facebook парақшасында хабарланды. Сот өкілінен мәлімет алу мүмкін болмады.

Куәгер журналист, белсенді Айдос Жұқанұлының айтуынша, кешкі сағат 17.30-ға белгіленген сотқа Мұхтар Тайжанды қолдап келген он шақты адамды күзетшілер сот залына кіргізбей қойған. Олардың араларында журналистер де болған.

Дүйсенбі күні түске таман бір топ белсенді Ресейдің Украинаға қарсы әрекетіне наразылық білдіріп, Ресей консулдығына хат апарып тапсырған еді. Жиналғандар Украина мен Қазақстан гимндерін айтып, «Ресей Украинаға қатысты басқыншылық әрекетін тоқтатсын» деген талап қойған болатын. Жиын біткеннен кейін Мұхтар Тайжанды Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері ұстап әкеткен.

Дәл осы жиынға ұқсас наразылық шарасы түстен кейін Астанада да өтіп, "Антигептил" қозғалысының мүшесі Махамбет Әбжанды полиция ұстап әкеткен болатын. Махамбет Әбжан соттан кейін әлеуметтік желілерде "судья мені босатып жіберді" деп жазды .

1 наурызда Ресейдің Федерация кеңесі Ресей әскерін Украинада "қоғамдық-саяси жағдай тұрақтанғанға дейін" пайдалануды бірауыздан мақұлдаған еді. Мұндай ұсынысты Ресей президенті Владимир Путин жасаған.

Украина билігі этникалық орыстар көп тұратын, Ресейдің әскери теңіз флоты орналасқан Қырым аумағына бірнеше мың ресейлік әскери әкелінгенін мәлімдеген.

Қырымда болып жатқан оқиғалар батыс елдерінің алаңдаушылығын тудырды. АҚШ, Еуропа Одағы мен НАТО Ресейді Украинадан әскерін шығарып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG