Accessibility links

Кеден Одағы елдері басшылары Украина жайлы сөйлесті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесінің жиынында. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесінің жиынында. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко телефон арқылы Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылады. Бұл туралы кеше түнде Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.

"Украинадағы дағдарыс, әсіресе елдің шығыс аймақтары мен Қырымдағы орыстілді тұрғындардың заңды мүдделері мен өмірлеріне қауіп төндіретін жағдай талқыланды. Қоғамдық-саяси ахуалдың шиеленісуі Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесіне мүше елдердің оның экономикалық және гуманитарлық салдарларына алаңдаушылығын туғызады. Мемлекет басшылары тығыз байланыста болуға уағдаласты" делінген Кремль таратқан хабарламада.

Кеше Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украинадағы жағдайды келіссөздер арқылы шешуге шақыратын мәлімдеме жасаған. Қазақстан "шиеленістің одан әрі өрбуі аймақтық, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы күтпеген нәтижелерге алып келуі мүмкін" екенін айтып, барлық тараптарды жағдайды реттеуде күш қолданудан бас тартуға және қалыптасқан мәселені келіссөздер арқылы шешу мақсатында барынша саяси күш-жігер танытуға шақырған. "Бұл шешім халықаралық құқықтың фундаменталды қағидаттарына негізделуі тиіс" делінген мәлімдемеде.

1 наурыз күні Ресейдің Федерации кеңесі бірауыздан Ресей қарулы күштерін Украина территориясында пайдалану туралы Путин ұсынысын қолдады. Ресей президенті Владимир Путин Федерация кеңесінен "жағдай тұрақтанғанша Украина территориясында әскер пайдалануға" рұқсат сұраған еді. Ресей парламентінің жоғарғы палатасы - Федерация кеңесі спикері Валентина Матвиенконың айтуынша, қаулы қабылданған мезеттен бастап күшіне енген.

Қазақстан, Беларусь және Ресей - Кеден Одағына, Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесіне мүше елдер.
XS
SM
MD
LG