Accessibility links

Обама: Ресейдің әрекеті өзге елдерді тіксінтеді


АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 4 наурыз 2014 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 4 наурыз 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путиннің Украина Ресей әскерін жіберу шешімін ақтау үшін келтірген уәждері "ешкімді жаңылыстырмайды" деп мәлімдеді кеше Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обама.

Обаманың айтуынша, "Ресейдің Украинаға басып кіруі" Мәскеудің күшін көрсетпейді, ол тек Ресейді басқа мемлекеттерден алыстатады. Ол бұған қоса Мәскеудің халықаралық қауымдастыққа Украинадағы жағдайды реттеуде көмек көрсетуге әлі де мүмкіндігі барын ескертті.

Кеше Киевке барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресейдің әрекетін "Украинаға қарсы агрессия" деп атаған. Ол АҚШ "Украина халқымен бірге екенін" айтып, шиеленісті халықаралық құрылымдар арқылы реттеуге мүдделі екенін білдірген.

Киевте Украинаның жаңа басшылығымен кездескен Керри Вашингтонның Киевке бір миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек беру ниеті барын айтты.

АҚШ пен батыс елдері Ресейдің Украина территориясынан әскери бөлімдерін алып кетуін талап етіп, олай болмаған жағдайда Мәскеуге қарсы экономикалық санкциялар салынып, дипломатиялық оқшауланып қалатынын ескерткен. Бірақ Мәскеу тек Қырымдағы әскерін күшейткенін ғана айтады.
XS
SM
MD
LG