Accessibility links

Алматыда белсенді Дильнар Инсенова ұсталды


Белсенді Дильнар Инсенова.

Белсенді Дильнар Инсенова.

8 наурыз күні таңертең алматылық белсенді Дильнар Инсенова Азаттық тілшісіне "сағат сегіз шамаларында үйінің жанынан полиция ұстап, Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апарғанын, полиция бөлімінде отырғанын" хабарлады.

Белсендінің айтуынша, "оның ісін полиция Алматы қалалық ауданаралық әкімшілік сотына өткізбек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 373-бабы, 3-тармағы бойынша айып тақпақ".

373-бап "Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, тосқауылдар мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізудiң тәртібі туралы заңдарды бұзу" деп аталады. 3-тармағында осы бапты қайталап бұзған адамдардың қамалатыны немесе айыппұл төлейтіні айтылған.

Алмалы ауданының ішкі істер бөлімінің кезекшісі Азаттық тілшісіне "аты-жөні Дильнар Инсенова деген адамның ұсталғаны туралы ақпарат жоқ" екенін айтты.

Дильнар Инсенова 6 наурыз күні Астанадағы полицияның балаларды ұстауына қатысты әлеуметтік желіде наразылық білдіріп, азаматтарды "Алматының ескі алаңында полицияның балаларға қарсы әрекетіне қарсылық білдіріп, жиын өткізуге" шақырған.

6 наурыз күні Астанада наразылық акциясы кезінде "Махаббат" тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғынын (араларында балалар да бар) полиция ұстаған еді. Тұрғындар өздерін «Махаббат» тұрғын үй кешенінен заңсыз шығарып жатыр» деп санайды. Полицияның оларды ұстаған видеосы интернетке шығып, оны көрген азаматтар әлеуметтік желілерде наразылықтарын айтқан.
XS
SM
MD
LG