Accessibility links

Украинаның әскери бөлімін қоршады


Айырма белгісі жоқ солдаттар Украина әскери бөлімін қоршап тұр. Севастополь, 7 наурыз 2014 жыл.
Айырма белгісі жоқ солдаттар Украина әскери бөлімін қоршап тұр. Севастополь, 7 наурыз 2014 жыл.
7 наурыз күні Севастополь (Қырым - ред.) қаласында ресейшіл милиция Украинаның әскери бөліміне басып кірмек болған.
Әскери бөлім командирі, подполковник Виталий Онищенко "Олар екі жақтан қоршап келді. Әскери базаның территориясы үлкен. Бір жүк көлігі тексеру-өткізу пунктіне келсе, екінші жүк көлігі оқ-дәрі қоймасы жағынан келді. 35-60-қа жуық адам қоршаудан секіріп, қақпаларды бұзып кірді. Олар қарудан оқ ататындарын ескертті. Біз оларды арнайы құралдармен тоқтаттық. Олар командалық пункт пен кезекші отыратын кеңсені қоршап алды" дейді.

Ақпараттар бойынша, қазір әскери бөлімге кірмек болған солдаттар кетіп қалған.
7 наурыз күні кешке АҚШ президенті Барак Обама мен Германия канцлері Ангела Меркель Украинадағы жағдайды телефон арқылы талқылаған. Ақ үй "екі мемлекеттің басшылары "Ресей Қырымнан әскерін әкетуі керек" деген пікірге келгенін" хабарлады.

7 наурыз күні Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей телеарналарының біріне "Әскерге қатысты айтсақ, президент Путинге Ресей парламенті Украина аумағында әскер пайдалану құқығын берді. Бірақ президент Путин оны әлі пайдаланған жоқ" деген.
8 наурыз күні Қытай Украинадағы оқиғаларға қатысты "ұстамдылық және сабыр сақтау, мәселені келіссөздер арқылы шешу қажет екенін" мәлімдеді. Қытай сыртқы істер министрі Ван И "Украинада тұратын барлық этникалық топтардың мүдделерін, бейбітшілік пен тұрақтылық талаптарын ескеру" қажет екенін айтқан.
Мұның алдында ресейшіл милиция Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушыларын Қырымға жібермей қойған еді. ЕҚЫҰ баспасөз хатшысы Кэти Бертон "ЕҚЫҰ әскери бақылаушылары екінші бақылау пунктінен өте алмады. Олар Украина әскерилері тұрған бірінші бақылау пунктіне қайтып келді. Үш сағаттай жүргізілген келіссөздер нәтиже бермеді" деді.
Қырымда Украинадан бөлініп, Ресейге қосылу туралы референдум 16 наурыз күні өтеді деп белгіленген. Қырым парламентінің бұл шешімін АҚШ пен ЕО заңсыз деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG