Accessibility links

Қырымда Украина шекара қызметінің ұшағын атқылады


Бельбектегі әуе базасының алдында өткен ресейшілдер шеруі. Украина, Қырым, 6 наурыз 2014 жыл.
Бельбектегі әуе базасының алдында өткен ресейшілдер шеруі. Украина, Қырым, 6 наурыз 2014 жыл.
Қырым Автономиялық Республикасының әкімшілік шекарасында Украина мемлекеттік шекара қызметінің ұшағын атқылады.

Ешкім зардап шекпеген. Шекарашылардың мәліметіне қарағанда, ұшақ бортында қару-жарақ болмаған, техника мемлекеттік шекараны күзетуге шыққан. Экипаж ұшақты Армянск елді мекені жақтан атқылағанын байқаған.

Кейінгі ақпараттарға қарағанда, нөмірлері жоқ, Ресейдікі болуы мүмкін әскери техника колоннасы Феодосия елді мекенінен шығып, Қырым астанасы Симферополь қаласына келген.

"Украинская правда" газетінің хабарлауынша, Чауда полигонынан шыққан 87 көлік те Симферополь жаққа аттанған. Сенбі күні қалада ондаған КамАЗ және "Урал" көліктері байқалған. Шекара қызметінің мәліметтеріне қарағанда, олар "Қырым" пунктіндегі шекараны қиып өтіп келген. Мұның алдында Керчь қаласынан Симферопольға 20 көлік жетті. Сенбіге қараған түні қалаға десант кемесі келіп тоқтаған.

Симферопольде республикалық военкоматта белгісіз қарулы адамдар бірнеше журналиске қол жұмсаған. Қарулы адамдар тілшілердің флеш-карталарын тартып алып, техникаларына зақым келтірген. Бұл туралы Facebook-те "Громадське ТВ" телеарнасының тілшісі Анна Бабинец хабарлады.

Мұның алдында Симферопольде Киевтен келген белсенділердің көліктерін белгісіз біреулер атқылады.

Бахчисарайда Қырымдағы Ресей әрекеттерін айыптаған, Украина армиясын қолдаған акция өтті. Украина әскерилеріне белсенділер үш жарым мың доллар тұратын құрал-жабдық берді.

Сенбі күні Симферопольде ресейшіл жауынгерлер Қырымға адалдық антын берді.
XS
SM
MD
LG