Accessibility links

Керри Ресейге "дипломатия есігін жаппауды" ескертті


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа телефон арқылы "Қырымды қосып алу барлық дипломатиялық қатынастарды тоқтатып тастайтынын" айтқан.

Мұның алдында Лавров Украина дағдарысы геосаяси себептермен "қолдан жасалған" деп мәлімдеген еді.

Керри мен Лавровтың телефон әңгімесі ресейшіл әскердің Қырымдағы бақылауды күшейткен кезіне сәйкес келді.

Reuters ақпаратына қарағанда, агенттік тілшілері сенбі күні Симферополь қаласынан солтүстікке қарай аттанған 50 шақты ресейлік БТР, жедел жәрдем және жүк көліктерін видеоға түсірген.

Ақпараттар бойынша, Қырымдағы жағдайды анықтауға барған халықаралық бақылаушыларға қарай ескерту ретінде оқ атылған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз хатшысы "40 қарусыз бақылаушының ешқайсысы зардап шекпегенін" хабарлады.

Халықаралық бақылаушыларды Киев шақырған. Бірақ олар Қырымдағы ресейшіл биліктен түбекке өтуге рұқсат ала алмады. Бақылаушылар Қырымға осымен екінші рет кіре алмай қайтты.

Украина шекара қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бақылаушыларға ескерту (қару атып ескерту - ред.) Қырым әкімшілік шекарасына бір километр қалғанда жасалған.

АҚШ президенті Барак Обама сенбі күні Латвия президенті Андрис Берзиньшпен, Литва президенті Даля Грибаускайтемен, Эстония президенті Тоомас Ильвеспен телефон конференциясын өткізді. Обама АҚШ-тың НАТО құрамындағы одақтастарын қорғауға әзір екенін мәлімдеді. Балтық елдері басшылары НАТО-ның олардың әуе кеңістігін бақылауға көмектесіп отырғанына ризашылықтарын білдірді.

Еуропа комиссиясы президенті Жозе Мануэль Баррозу "Мәскеу әрекеттері Брюссель мен Киев қатынастарына әсер етпейтінін" мәлімдеді. Баррозу "Еуропа Одағының (ЕО) Мәскеуге ЕО мен Украина арасындағы серіктестік келісімінің Ресей мүдделеріне зиян келтірмейтінін түсіндіруге тырысып жатқанын" айтты.

Осы аралықта Қырымдағы Новоозерный маңындағы украиналық әскери-теңіз базасы төңірегіндегі жағдайдың ушығып кеткені туралы ақпарат тарады. Reuters-тің хабарлауынша, жүзге жуық қарулы адам Украина әскери базасын қоршап алған. Бұл жерде осыдан екі күн бұрын Ресейдің Қара теңіз флоты айлаққа кіретін су жолына екі кемесін батырған еді. Бұл әрекет Украина әскери кемелерін әскери-теңіз базасына өткізбеу үшін жасалды деген болжам бар.

Новоозерный маңындағы украиналық әскери-теңіз базасы командирінің орынбасары Вадим Филипенко "Ресей әскерилері Украина солдаттарына қаруларын көрсетіп, қоқан-лоқы жасағанын" айтты.

Украина қорғаныс министрі міндетін атқарушы Андрей Дещица сенбі күні "Украинаның Қырымнан бас тартпайтынын, Киевтің Қырым дағдарысын бейбіт түрде шешу үшін барлық әрекеттерді жасайтынын" хабарлады.
XS
SM
MD
LG