Accessibility links

Украинаның шекара бекетін басып алды


Қырымда жүрген ресейшіл әскер. (Көрнекі сурет)
Қырымда жүрген ресейшіл әскер. (Көрнекі сурет)
9 наурыз күні таңертең Қырымның Черноморское кентінде Ресей әскерилері Украинаның шекара бекетін басып алды. Бұл туралы «Украинская правда» газетіне Украина мемлекеттік шекара қызметі хабарлаған.

Украина шекара қызметінің баспасөз хатшысы Олег Слободян «5 канал» эфирінен бекет басқармасын Ресейдің 30 қарулы солдаты басып алғанын хабарлады. Ол «шабуыл қалай жасалғаны анықталып жатыр» деді.

Оның айуынша, 8 наурыз күні теңізді бақылайтын посттарды істен шығару басталған.

9 наурыз күні «Украинская правда» газеті Симферопольде Қырымдағы «Еуромайдан» акциясын ұйымдастырушы Андрей Щекуннің ұсталғанын жазды.

«УНИАН» агенттігінің сайтында "Сенбі күні Симферопольге әскери жүк көліктері колоннасы кіргені" жазылған. Жауынгерлер тиеген нөмірлері жоқ көліктердің саны 70-тей болған.

Жүк көліктерін Ресей автоинспекциясы өкілдері бастап келген. Reuters-тің хабарлауынша, Симферопольдің солтүстігіндегі әскери базаға шамамен 50 жүк көлігі жеткен. Олар Ресей әсерилерін әкелген. Колоннамен бірге БТР мен жедел жәрдем көліктері де болған.

Мәскеу Қырымдағы әскерін күшейтіп жатқанын теріске шығарды.

9 наурызда Киевтің Қырым мемлекеттік қазынасының электронды жүйесін өшіргені, Қырым автономиясының есеп-шоттарын жапқаны туралы хабарланды.

Қырымның Ресейге қосылуы туралы референдум 16 наурыз күні өтеді деп жоспарланған. Украинаның жаңа билігі бұл референдумды заңсыз деп жариялады. Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов референдум туралы шешім қабылдаған Қырым парламентінің "Ресей қарулы күштерінің тікелей бақылауында" екенін айтты. Қырымда Ресейдің Қара теңіз флоты бар.
XS
SM
MD
LG