Accessibility links

Ресей соты Ярошты тұтқындауға санкция берді


Украинаның "Оңшыл сектор" ұйымының жетекшісі Дмитрий Ярош.
Украинаның "Оңшыл сектор" ұйымының жетекшісі Дмитрий Ярош.
Мәскеудің Басман аудандық соты украиналық "Оңшыл сектор" ұйымының жетекшісі Дмитрий Ярошты "терроризмге шақырды" деген айыппен тұтқындауға сырттай санкция берді.

Бұған дейін Ресейдің тергеу комитеті Дмитрий Яроштың үстінен "ақпарат құралдарын пайдаланып, террорлық іс-әрекеттерге жария түрде шақырды" деген айыппен қылмыстық іс қозғаған еді. Іс қозғауға "Оңшыл сектордың" "ВКонтакте" желісіндегі парақшасында жарияланған жазба түрткі болған.

Жазбада Дмитрий Ярош Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы содырлар жетекшісі Доку Умаровты Украинаны қолдауға шақырған. Бірақ "Оңшыл сектор" өкілі Артем Скоропадский өз ұйымы Доку Умаровтан көмек сұрамағанын айтады. Оның сөзінше, бұл жазба "ВКонтакте" желісінің администраторларының бірі "Оңшыл сектордың" желідегі аккаунтын бұзғаннан кейін пайда болған.

Дмитрий Ярошқа Ресейде халықаралық іздеу жарияланған. Украина бас прокуратурасы "украин азаматы Дмитрий Ярошты шетелге ұстап беруге негіз жоқ" деп мәлімдеген.

Яроштың адвокаттары таяуда Мәскеудің Басман аудандық сотының шешіміне шағымданбақ ниетте.
XS
SM
MD
LG