Accessibility links

Әблязовке ара түскенін терістеген белсенді сотқа жүгінді


Азаматтық белсенді Руслан Әбденов. Орал, 25 қазан 2010 жыл.
Азаматтық белсенді Руслан Әбденов. Орал, 25 қазан 2010 жыл.

Белсенді Руслан Әбденов оппозиционерлердің Мұхтар Әблязовті қорғап жазған хатына қол қойғанын жоққа шығарды. Үндеудегі қолы өшірілмеген соң, ол бұрынғы серіктеріне қарсы талап-арыз берді.

Орал қаласында сотқа жеткен даудың бір ерекшелігі - талапкер мен жауапкерлер бұрын оппозициялық «Алға» партиясы (экстремизм бабы бойынша айыпталып, қызметіне сот арқылы тыйым салынған) арқасында таныс болған.

Франциядан экстрадициялау туралы шешімді күтіп жатқан оппозиционер Мұхтар Әблязовті қорғау үшін жазылған хатқа қол қоймағанын мәлімдеген азаматтық белсенді Руслан Әбденов «сыртымнан қол қойғандар моральдық зардап келтірді» дейді. Ал қарсыластары оның қол қоюға келісімін бергенін айтады.

ҚОЛ ҚОЙДЫ МА, ЖОҚ ПА?

Азаматтық белсенді Марат Жанұзақов.
Азаматтық белсенді Марат Жанұзақов.
Талапкер - Орал қаласы (Батыс Қазақстан облысының орталығы) тұрғыны Руслан Әбденов. Ол наурыздың 3-і күні Орал қаласы №2 сотына Көкшетау қаласы (Ақмола облысы орталығы) тұрғыны, азаматтық белсенді Марат Жанұзақов пен Орал қаласы тұрғыны, азаматтық белсенді Асқар Шайғұмаровқа қарсы талап-арыз түсірген.

Әбденов «Ар-ұжданды қорғау туралы» деп аталатын талап-арызында «2014 жылдың 18 ақпанында ablyazov.org сайтында «Францияның әділет министріне үндеу» деген тақырыппен мақала жарияланды. Тыйым салынған «Алға» ұйымының бұрынғы мүшелері мақалада Францияның әділет министрінен М.Әблязовті экстрадициялауға жол бермеуін өтінген» деп жазған.

«Оның үстіне, «Алғаның» Ақмола облыстық филиалының бұрынғы жетекшісі М.Н.Жанұзақов аталған үндеуді (қол қойды делінгендер саны 230 адамнан асады) Facebook.com әлеуметтік желісінде жариялаған» деп мәлімдейді талапкер арызында.

​Әбденов талап-арызында аты-жөні хат авторлары тізіміне өз келісімінсіз енгізілгенін көрсетіп, «бұл жағдай жүйкеме қатты әсер етті» деп жазады.

Талап-арызда Әбденов «Жанұзақовпен телефон арқылы сөйлесіп едім, ол Батыс Қазақстан облысында қол жинаумен «Алға» партиясының бұрынғы белсендісі Асқар Шайғұмаров айналысқанын айтты» дейді.

Оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов.
Талапкер жауапкерлерден оның қол қойғанын терістеп ablyazov.org сайтында мәлімдеме жариялауды, жария түрде кешірім сұрауды және моральдық шығын келтіргені үшін екеуінен 1 миллион теңге (шамамен 5 мың 400 доллар) өтемақы талап етеді.

Өкінішке орай, Азаттық тілшісі арызда көрсетілген ұялы телефон нөмірі бойынша талапкермен хабарласа алмады.

ЖАУАПКЕРЛЕР МЕН КУӘГЕРЛЕР

Қазір Франция түрмесінде Ресей мен Украинаның өтініші бойынша экстрадициялау туралы шешім күтіп жатқан Мұхтар Әблязовтің жақтастары Францияның әділет министрлігіне оны экстрадициялауға жол бермеуін өтінген үндеуге қол жинау фактісін Марат Жанұзақов растайды.

Ол Әбденовпен телефон арқылы сөйлескенін және оған Батыс Қазақстан облысында қол жинаумен «Алға» партиясының бұрынғы белсендісі Асқан Шайқұмаров айналысты деп айтқанын да растайды.

Бірақ ол Әбденовтің «Франция әділет министріне Әблязов жақтастары жазған үндеуді Жанұзақов Facebook әлеуметтік желісінде жариялады» деген айыбын мойындамайды.

Марат Жанұзақовтың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, оған «Орал қаласы сотынан хабарласып тұрмын, Руслан Әбденовтің талап-арызы бойынша жауапкер ретінде наурыздың 14-і күні сотқа келуге тиіссіз» деп бір адам телефон соққан. Бірақ Жанұзақов телефонмен айтылған сөзге мән бермейтінін, сотқа келу туралы тиісті хабарлама алмағанын айтады.

«Алға» партиясының бұрынғы белсендісі Асқар Шайғұмаров. Сурет белсендінің Facebook парақшасынан алынды.
«Алға» партиясының бұрынғы белсендісі Асқар Шайғұмаров. Сурет белсендінің Facebook парақшасынан алынды.
Жанұзақов Орал қалалық соты басқа облыста тұратын адамға қатысты берілген талап-арызды қарауға қабылдап, заңды бұзып отыр деп есептейді. Ол Орал қаласында өтетін сот отырысына бармайтынын айтты.

Ал екінші жауапкер Асқар Шайғұмаров сот отырысына бармақ. Оның айтуынша, қолды жалғыз ол емес, басқа да жергілікті белсенділер жинаған. Оның айтуынша, Әблязовті қорғау үшін жазылған үндеуге қол қою туралы келісімін белсенді Мақсат Айсауытов Руслан Әбденовтің жеке өзінен алған.

Азаттық тілшісі сөйлескен Мақсат Айсауытов жауапкер Асқар Шайғұмаровты қорғаушы тараптың куәгері ретінде сотқа қатысатынын және тағы бірнеше жергілікті белсендінің оны қолдап сотта куәлік етуге әзір екенін айтты.

Оралдағы сот бүгін, наурыздың 14-і күні басталуы тиіс.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG