Accessibility links

Керри: Ресейге қарсы санкциялар күшейтіледі


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Лондон, 14 наурыз 2014 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Лондон, 14 наурыз 2014 жыл.

Қырымда 16 наурыз күні өтетін Ресейге қосылу жөніндегі референдумды АҚШ пен халықаралық қауымдастық мойындамай отыр.

Ресей Украинадағы әрекеттерін жалғастыра берсе, Батыс қазіргіден де қатаң позицияға көшетінін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри хабарлады. Ол 14 наурыз күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен Лондонда кездесті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы "Лавров екеуміз алты сағат сөйлестік. Ашық әңгіме болды. Біз мәселені Ресей қалай түсінетінін терең талқыладық, АҚШ позициясы да жан-жақты айтылды. Осыдан кейін біз екі тараптың көзқарасындағы айырмашылықтарды анықтап шықтық" деді.

Керри "АҚШ-тың Қырымда және Украина шекарасында тым көп әскері тұрғанына алаңдайтынын" айтты.

"Ресей әрекеттері бұл елдің нарығына кесірін тигізеді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде Ресей нарығына қазіргі оқиғалар әсер етіп үлгерді. Мұның үстіне санкциялар қосылса, оның зардабы көбейе түседі" дейді мемлекеттік хатшы.

Жұма күні Пентагон өкілі Стивен Уоррен "АҚШ-тың Қара теңізге кірген әскери кемесі жоспарланғаннан ұзақ уақыт тұратынын" хабарлады.

Ол әскери кеменің аймақта қала тұратынын "қосымша жаттығулар және одақтастарды қолдау мақсатымен" түсіндірді.

Соңғы күндері Пентагон Қырымдағы шиеленіске байланысты НАТО-дағы одақтастарын қолдау үшін қосымша шаралар атқарды.
XS
SM
MD
LG