Accessibility links

Үндістан жоғалған ұшақты іздеуді тоқтатты


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Бүгін Үндістан әскери-теңіз және әуе күштері осыдан бір аптадан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777 ұшағын іздеуді тоқтата тұруды ұйғарды. Бұндай шешім ұшақты басқа аймақтан іздестіруді ұйғарған Малайзия үкіметінің сұрауы бойынша қабылданды деп хабарлады Үндістан үкіметінің өкілі.

Үндістан жоғалған ұшақты Андаман және Никобар аралдарының маңы және Бенгал шығанағы ауданынан іздестірген.

Малайзия полициясы жоғалған ұшақтың екі ұшқышының үйіне тінту жүргізді. Оған дейін Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак жоғалардан бұрын Boeing 777 ұшағының байланыс жүйесі ажыратылған соң, ұшақ өзіне бекітілген бағыттан әдейі ауытқығаны туралы мәлімдеген. Ұшақ радар экранынан көрінбей кеткен соң да жеті сағат бойы оның деректері спутниктерде тіркелгені туралы ақпаратты Разак растады.

8 наурызда Куала-Лумпурден Пекинге ұшып шыққан, бортында 239 адам болған Boeing 777 жолаушылар ұшағы ешқандай дабыл белгісін, бағытын ауыстыратыны я басқадай проблемалар туындағаны туралы хабар берместен із-түссіз жоғалып кетті. Соңғы рет диспетчермен байланысқа шыққан кезде ұшақ Малайзияның шығыс жағалауынан 220 шақырымдай қашықтықта болған.
XS
SM
MD
LG