Accessibility links

Қырымда референдум өтіп жатыр


Бүгін Украинаның құрамындағы Қырым автономиялық республикасында жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат сегізде референдумға дауыс беру басталды.

Азаматтарға бұл референдумда «Ресейге қосылуды жақтайсыз ба, әлде Қырым Республикасының 1992 жылғы Конституцияны қалпына келтіріп, Қырымның Украинаның бөлігі ретіндегі мәртебесі болғанын қалайсыз ба?» деген екі сауал қойылады.

Киевтегі орталық билік бұл референдум Украина конституциясына қайшы, заңсыз екенін айтып, тұрғындарды оған бойкот жариялауға шақырған.

Кеше Қырымның мәртебесіне қатысты референдумды заңсыз деп тану туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне (БҰҰ ҚК) АҚШ дайындап ұсынған қарар жобасына Ресей вето қойған еді. Дауыс беру кезінде Қауіпсіздік кеңесіне мүше 13 мемлекет қарар жобасына қолдап, Қытай қалыс қалған.

Батыс елдері халықаралық қауымдастықты даулы референдумды мойындамауға шақырып отыр. Қырымды Ресейдің қанатының астына алуды көздейтін бұл референдумды Кремль қолдайды.

2 миллионнан астам тұрғыны бар Қырым халқының басым көпшілігін этникалық орыстар құрайды.
XS
SM
MD
LG