Accessibility links

Ауғанстанда шабуылдан 18 адам мерт болды


Ауған қауіпсіздік күштері шабуыл болған жерді күзетіп тұр. Жалалабад, 20 наурыз 2014 жыл.

Ауған қауіпсіздік күштері шабуыл болған жерді күзетіп тұр. Жалалабад, 20 наурыз 2014 жыл.

Бүгін Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятының орталығы Жалалабад қаласында полиция бекетінде жарылыс пен шабуылдан 18 адам мерт болған.

Ішкі істер министрінің орынбасары Мохаммед Айюб Солангидің айтуынша, бүгін таңертең полиция бекеті маңында алдымен жанкешті жарылыс жасап, кейін қашықтан басқарылатын екі бомба жарылған. Іле-шала полиция мен қарулы топ арасында атыс болған. Қаза тапқандардың 10-ы полицей, біреуі - бейбіт тұрғын, жетеуі - шабуыл жасаған қарулы адамдар. Мерт болғандардың арасында жергілікті полиция басшысы да бар деп хабарланды. Шабуылдан 14 полицей жараланған.

Екі жақ арасындағы атыс төрт сағатқа созылған.

Талибан өкілі Забихулла Муджахид ақпарат құралдарына жіберген мәлімдемесінде шабуылды Талибан мүшелері жасағанын айтқан.

Ауғанстанда сәуірдің басында президент сайлауы өтеді. Талибан бұған дейін сайлауға қарсы екендерін мәлімдеп, оны болдырмайтындарын ескерткен.
XS
SM
MD
LG