Accessibility links

АҚШ Түркияның Twitter-ді бұғаулағанына алаңдайды


Ақ үй. (Көрнекі сурет)

Ақ үй. (Көрнекі сурет)

Ақ үй баспасөз қызметі АҚШ-тың Түркияда Twitter жүйесінің бұғауланғанына қатты алаңдайтынын айтып, ресми мәлімдеме таратты.

Мәлімдемеде "АҚШ-тың Түркия азаматтарының еркін ақпарат алуының шектелуіне қарсы екені, ондай шектеудің сөз және жиын өткізу еркіндігіне зиян келтіретіні" айтылған. Бұдан бөлек, АҚШ Twitter-ді жабудың "демократиялық қоғам үшін маңызды қағида - мемлекетті басқарудың жария болуы принципін бұзады" дейді.

АҚШ "Түркия билігін баспасөз еркіндігі мен БАҚ-тың барлық түрлерінің кедергісіз әрі тәуелсіз жұмыс істеуін қолдауға" шақырады. Ақ үй "Twitter-дің жұмысына кедергі жасамауды талап еткен Түркия азаматтарын қолдайтынын" ескерткен.

21 наурыз күні Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған өзіне жақын шенеуніктердің жемқорлығына қатысы бар делінген аудио жазбалар сілтемесі жарияланған соң Twitter әлеуметтік желісін жабатын ойы барын айтты.

«Twitter-ді жабамыз. Оған байланысты әлем жұртының не айтатынын елемеймін» деді бейсенбі күні Бурса өлкесінде сайлауалды шарасында сөйлеген Ердоған.

Түркия үкіметін 2003 жылдан бері басқарып келе жатқан Ердоған бұдан бұрын 30 наурызда жергілікті сайлау өткен соң үкіметі Facebook пен YouTube желілерін жабатынын да айтқан еді.
XS
SM
MD
LG