Accessibility links

Азат Ирак радиосы бюро басшысы оққа ұшты


Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари.
Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари.
Азат Ирак радиосының Бағдаттағы бюро жетекшісі Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари сенбі күні Ирак астанасында қаза тапты.

Журналисті Ирак президенті күзет қызметінің өкілі атып өлтірген. Оқиға президент сарайы маңындағы Джадрия ауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, Азат Ирак радиосының кеңсесі орналасқан аумаққа көлігімен өтпек болған журналист пен осы ауданды күзетіп тұрған президенттің күзет қызметінің өкілі сөзге келіп қалған. Бір мезетте күзет қызметкері кенеттен қарудан оқ атып, журналист сол жерде мерт болған. Көлікпен із жасырмақ болған күзет өкілі көп ұзамай ұсталған.

Аш-Шаммари қаза тапқан жерде сенбі күні кешке журналистер шағын наразылық акциясын өткізген. Ирак премьер-министрі Нұри әл-Мәлики марқұм журналистің туыстарымен кездесіп, көңіл айтқан.

Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ирак қызметі – Азат Ирак радиосында 2006 жылдан бастап жұмыс істеді. Бұдан екі жыл бұрын ол Азат Ирак радиосы Бағдаттағы бюросының жетекшісі болып тағайындалған еді.

Философия ғылымының докторы, Бағдаттағы Әл-Мустансирия университетінің профессоры болған Аш-Шаммари бірнеше ғылыми еңбектің авторы.

46 жасында мерт болған Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммаридың артында әйелі мен үш баласы қалды.
XS
SM
MD
LG