Accessibility links

Каталония басшысы: Тәуелсіздікке ұмтылыс бәсеңдемейді


Каталония президенті Артур Мас.

Каталония президенті Артур Мас.

Каталония автономиялық облысының президенті Артур Мас Испания соты аймақтың егемендік туралы талабын қабылдамай тастағанына қарамастан тәуелсіздік алуға деген ұмтылысы бәсеңсімейді деп мәлімдеді. 26 наурызда аймақ парламенті алдында сөйлеген Артур Мас "Испаниядан тәуелсіздік алудың саяси процестері жалғаса беретінін" айтқан.

Испания конституциялық соты 26 наурызда Каталония депутаттарының өткен жылы қабылдаған егемендік туралы декларациясы Испания конституциясына қайшы деген шешім шығарған еді. Сот "конституцияға сәйкес, Каталония аймағы өз бетінше, біржақты түрде тәуелсіздік туралы референдум өткізе алмайды" деп тапқан.

Артур Мас бұған дейін егер тәуелсіздік алудың заңды жолдары таусылса, онда Каталонияда 2016 жылы өтетін сайлауды "егемендік мәселесін шешетін баламалы жол" ретінде пайдалануды ұсынған.

Испанияның 46 миллион тұрғын халқының 7,5 миллионы Каталония аймағында тұрады. Испания экономикасының бестен бірі осы аймақтың үлесіне тиеді.

Қоғамдық пікірге жасалған талдауларға қарағанда, каталониялықтардың жартысынан көбі Испаниядан бөлініп шығуды қолдаған.
XS
SM
MD
LG