Accessibility links

AI: Әлемде өлім жазасына кесілгендер саны артты


Amnesty International ұйымының белгісі. (Көрнекі сурет)

Amnesty International ұйымының белгісі. (Көрнекі сурет)

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы бүгін әлем елдеріндегі өлім жазасына кесілгендер туралы жыл сайынғы баяндамасын жариялады. Ұйымның есебінше, 2013 жылы әлемде өлім жазасына кесілгендер саны 2012 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көбейген.

AI сарапшыларының ұйғарымынша, өлім жазасына кесілгендер санының көбеюі Иран мен Иракта жүргізілетін саясаттың нәтижесі. Ұйым өлім жазасына кесілгендер туралы статистиканы ашық, жария деректерге сүйеніп жасайды. Қытай өлім жазасына кесілгендер туралы ақпаратты мемлекеттік құпия санайтындықтан ол елдегі жағдай туралы деректер ұйым статистикасына енбеген. AI ұйымының бағалауынша, Қытай әлемде өлім жазасын ең көп қолданатын мемлекет және мұндағы өлім жазасына кесілгендер саны әлемнің өзге елдерінде өлім жазасына кесілгендердің жалпы санынан асып түседі.

Тізімде екінші боп тұрған Иранда 2013 жылы ресми дерек бойынша 369 адам, Иракта - 169 адам өлім жазасына кесілген. Олардың көпшілігі терроризм айыбы бойынша сотталған. Төртінші орында тұрған Сауд Арабиясында ресми ақпарат бойынша былтыр 79 адам өлім жазасына кесілген. Оның ішінде үш жасөспірімге "халықаралық құқықты бұзғаны үшін" жазаның ең ауыр түрі тағайындалған.

Ұйым бесінші орынға 39 адамды өлім жазасына кескен АҚШ-ты қояды. АҚШ-тағы өлім жазасына кесілгендердің жартысына жуығы бір ғана Техас штатының үлесіне тиеді. Бұл елде 50 штаттың 18-інде өлім жазасы жойылған.

Amnesty International есебінде Қазақстанда 2003 жылы өлім жазасына мораторий
жарияланғанын, қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасында қасақана кісі өлтірумен байланысты әскери қылмыстан өзге кейбір әскери қылмыстарға өлім жазасын қолдану алынып тасталғанын айтады.

Ұйым есебінде әлемде өлім жазасына кесілгендер саны 2013 жылы көбейгенімен, соңғы жиырма жылда өлім жазасын қолданатын елдер саны 37-ден 22-ге дейін азайғанын атап өткен.
XS
SM
MD
LG