Accessibility links

Зымыранның құлауы ауыл тұрғындарын дүрліктірді


Ресейдің Капустин Яр полигонынан Қазақстанның Сарышаған әскери полигонындағы нысанаға бағытталған зымыранның картадағы траекториясы. (Көрнекі сурет)
Ресейдің Капустин Яр полигонынан Қазақстанның Сарышаған әскери полигонындағы нысанаға бағытталған зымыранның картадағы траекториясы. (Көрнекі сурет)

Батыс Қазақстанда зымыран құлаған соң қорғаныс министрлігі елдегі әскери алаңдарды пайдаланып, сынақ жүргізуді уақытша тоқтатты. Тұрғындар апат маңында сұйық зат төгілгенін айтады.

Батыс Қазақстан облысы Бөкейордасы ауданының Шоңғай ауылының маңына 27 наурызға қараған түні Ресейдің Капустин Яр полигонынан ұшырылған метеорологиялық "МН-300" зымыраны құлады.

Шоңғай ауылының Қалампыр есімді тұрғыны зымыран құлаған кезде ояу болған. Ол «кенеттен үй іші бомба түскендей дүрілдеп, терезелер сықырлап кеткенін» айтады.

"Әуелі ас бөлмеге найзағай түсті деп ойлаппын. Себебі үйдің іші жарқырап, гүрсілдеп, қатты қорқып кеттік. Сонан кейін ғана далада жарқырап бірдеңе жанып жатқанын көріп, зымыран екенін білдік. 200 метр бері қарай түскенде отбасымызбен жоқ болып кететін едік. Біз жақта зымыран ұшырылады, тарсылдайды, бірақ осыншалықты жақын жерге құлайды деп ойламмаппыз" деді ауыл тұрғыны.

Таң атысымен жергілікті тұрғындар зымыран құлаған жерге барып көрген. Ауыл тұрғыны Қалампырдың айтуынша, құлаған зымыран соншалықты үлкен болмаған.

"Ол жартылай жерге кіріп кеткен. Жартысы ұшып кеткен. Қанаты бір жақта, шамамен елу-жүз метр аралығында жан-жақта бөлшектері шашылып жатыр. Орнында солярка ма, білмеймін, әйтеуір жерге қап-қара май төгілген. Қазір де жиналған жоқ. Сол күйінше жатыр. Ресей адамдары келмегенге ұқсайды" дейді Қалампыр.

Сағындық есімді ауыл тұрғыны да болған жайтты растап, зымыранның құлауы жұртты қорқытып жібергенін айтады.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, «МР-30 кешенінің МН-300 метеорологиялық зымыраны Шоңғай елді-мекенінің оңтүстік-шығыс шетінен бір шақырым қашықтық жерде құлаған».

«Зымыранның ұшырылуы 2013 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігімен келісілген 2014 жылғы сынақ жұмыстары жоспарына сәйкес, Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің Капустин Яр полигонынан жүргізілді» деп жазылған министрліктің ақпарат құралдарына таратқан хабарламада.

Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған министрліктің мәліметінше, «сынақ барысында қозғалтқыш қондырғысы істен шығып, зымыран полигон аумағына жетпей құлаған».

«Құлаған зымыран қалдықтарынан зардап шеккендер жоқ, экологиялық залал келтірілмеген. Қазіргі уақытта Қазақстан қорғаныс министрлігі оқиға салдары анықталғанша, Ресейге Қазақстан жерінде жалға берілген жауынгерлік алаңдарда сынақтар жүргізуді уақытша тоқтатты» делінген министрлік мәліметінде.

Қазақстан жерінде ресейлік зымырандардың ұшырылуына қарсылық танытып жүрген «Антигептил» қозғалысының өкілі Махамбет Әбжан әлеуметтік желіде зымыран құлаған Шоңғай елді мекеніне барып, тұрғындар арасында сауалнама өткізіп, видеоға түсіріп, барлығын қағазға түсіруге шақырды.

Қазақстанда ресейлік зымырандардың құлауы алғаш болып отырған жоқ. Олардың арасында ең «танымалы» былтыр жазда «Протон-М» зымыранының құлауы болды. 2013 жылы 2 шілдеде ресейлік "Протон-М" Байқоңырдан ұша бере әуеде жарылып, улы гептил отыны төгілгеннен кейін Қазақстан үкіметі мен белсенділері тарапынан наразы мәлімдемелер жасалған. Елде «Антигептил» қозғалысы құрылып, ресейлік зымырандардың ұшырылуын тоқтатуды талап етіп наразылық акцияларын өткен еді.

Совет заманында яғни, 1949 жылы құрылған Капустин Яр полигоны Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Онда әртүрлі зымырандар (оның ішінде құрлықаралық баллистикалық зымыран да бар) сынақтан өткізіледі. Ядролық полигонның орталық және ұшу-сынақ аймақтарын қоса есептегендегі жалпы аумағы 6,5 миллион гектар. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы аумағы 1,5 миллион гектар жерді құрайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG