Accessibility links

Қазақстан СІМ: Украина нотасын "жете түсіне алмадық"


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Гаагада Украинадағы жағдайларға қатысты жасаған мәлімдемесіне орай Киевтің нота жолдауын "таңданыспен қабылдады" деп мәлімдеді бүгін сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Наурыздың 26-сы күні Украина сыртқы істер министрі орынбасары Наталья Галибаренко Қазақстанның Украинадағы елшілігінің кеңесшісі Арғын Оспановқа нота тапсырған. Онда Гаагада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинадағы оқиғаларға байланысты мәлімдемесіне орай Киев алаңдаушылық білдірген. Украина тарабы мұндай мәлімдемелер «жалпыға бірдей халықаралық құқық нормалары мен әлем елдерінің көпшілігінің ұстанымымен үйлеспейтіндігін, екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа қайшы келетінін және Украина тарабы оны қабылдай алмайтынын» білдірген.

Наурыздың 25-і күні Гаагадағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит жұмысының қорытындылары бойынша брифинг өткізген президент Назарбаев Украинада «іс жүзінде халық пен ел екі бөлікке бөлініп қалып, нәтижесінде ішкі саяси жағдай бақылаудан шығып кетті» деп айтқан.

Астанада өткен брифингте Үсенов "Украина СІМ нотасын жете түсіне алмай отырмыз. Сірә, нота байыпты ойлаудан емес, эмоциядан туындаған сияқты. Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде Гаагада Украина дағдарысын жалпы халықтық түрде, барлық тараптардың қатысуымен бейбіт келіссөздер, шынайы демократиялық сайлаулар және ел экономикасын қалыптастыру арқылы реттеуге шақырған. Біз бұл айтылғандардан Украина жағы шамданатындай ілік көріп тұрған жоқпыз" деді Үсенов.

Жанболат Үсеновтің айтуынша, Қазақстан нотаға жазбаша жауап бермейді. Ол бүгін Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Қазақстанның Украина дағдарысына қатысты ұстанымын айқындау үшін сыртқы істер министрлігіне шақырылатынын айтты.
XS
SM
MD
LG