Accessibility links

Обама мен Путин телефонмен сөйлесті


Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Барак Обама. Петербург, 5 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Барак Обама. Петербург, 5 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин жұма күні АҚШ президенті Барак Обамаға Украина дағдарысы бойынша жасаған Американың ұсыныстарын талқылау үшін телефон шалған. АҚШ ұсыныстарын мемлекеттік хатшы Гаагада Ресей сыртқы істер министріне берген еді. Ол ұсыныстарды әзірлеуге Украина билігі, Еуропа елдері де қатысқан. Путиннің Обамаға хабарласқаны жайлы Ақ үй баспасөз қызметі хабарлады.

Путинмен сөйлескен Обама "Ресей ұсыныстарға жазбаша жауап берсін" деген. Президенттер "әңгімені ары қарай екі елдің дипломатиялық ведомстволарының басшылары - Керри мен Лавров жалғастырсын" деп келіскен.

Обама Путинге "Украина үкіметінің дағдарыс кезінде сабыр сақтағанын, демократиялық сайлау және конституциялық реформа жолымен келе жатқанын" ескерткен. Обама Ресейді "осы процесті қолдауға, арандату әрекеттерін жасамауға, соның ішінде екі ел арасындағы шекараға әскер шоғырландыруды тоқтатуға" шақырған.

Обама "АҚШ-тың Украина дағдарысын бейбіт жолмен шешуге тырысатынын, Украинаға қолдау көрсететінін" айтқан. АҚШ президенті "ол үшін Ресей шекараға шоғырландырған әскерін таратып, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына зиян келтіретін әрекеттерін тоқтатуы тиіс екенін" айтқан.

Обама "АҚШ-тың Украинаға қарсы Ресейдің бұған дейін жасаған әрекеттерінің барлығын айыптайтынын" тағы бір мәрте қайталаған.

Ал Кремль баспасөз қызметінің хабарлауынша, Путин әңгіме кезінде АҚШ президентіне "Киевте және Украинаның басқа да аймақтарында экстремистердің еркін әрекет етіп жатқанын, олардың бейбіт тұрғындар мен билік органдарына қауіп төндіретінін" айтқан. Ресей басшысы "мәселеге осы қырынан қарау керек екенін" ескерткен.

29 наурыз күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Ресейдің Украина шекарасын бұзып өтпейтінін" мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG