Accessibility links

Мұхиттан табылған заттар ұшақ сынықтары емес


Австралия әуе күштерінің ұшағы Үнді мұхитының оңтүстік бөлігінде жоғалған ұшақ сынықтарын іздеп жүр. 27 наурыз 2014 жыл.

Австралия әуе күштерінің ұшағы Үнді мұхитының оңтүстік бөлігінде жоғалған ұшақ сынықтарын іздеп жүр. 27 наурыз 2014 жыл.

Сенбі күні Үнді мұхитынан табылған заттардың Malaysia Airlines компаниясының жоғалған Boeng 777 жолаушылар ұшағына қатысы жоқ деп хабарлады Австралия үкіметі.

Австралияның теңіздегі қауіпсіздік басқармасы жоғалған ұшақты іздестіру аймағынан табылған заттар қалдық және балық аулауға қатысты нәрселер болып шыққанын айтады. Оларды іздеу жұмыстарына қатысушы Қытай және Австралия кемелері теңізден тауып алған.

Ұшақ құлаған деген болжам жасалған аймаққа ұшақ бортындағы жазбаны тіркейтін құрылғылар – «қара жәшіктерді» іздеп табуға арналған аппаратурамен жабдықталған Австралияның екі кемесі жетуі тиіс. «Қара жәшіктердегі» батареялардың қуаты сәуірдің 7-іне дейін ғана жететіні айтылып отыр.

8 наурызда Малайзия астанасы Куала-Лумпурден Қытай астанасы Пекинге ұшып шыққан, бортында 239 адам болған MH370 рейсі - Boeing 777 жолаушылар ұшағы ешқандай дабыл белгісін берместен, бағытын ауыстыратынын я басқадай проблемалар туындағанын хабарламастан із-түссіз жоғалып кетті. Соңғы рет диспетчермен байланысқа шыққан кезде ұшақ Малайзияның шығыс жағалауынан 220 шақырымдай қашықтықта болған. Осы аптада Малайзия билігі спутниктен алынған деректерге сүйеніп, ұшақ Үнді мұхтиының оңтүстік бөлігіне құлаған деген қорытынды жасаған еді.
XS
SM
MD
LG