Accessibility links

Керри мен Лавров Украинаны талқылайды


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Гаага, 24 наурыз 2014 жыл.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Гаага, 24 наурыз 2014 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бүгін Парижде Украина жағдайына қатысты келіссөздер өткізбек. Хабарларға қарағанда, Таяу Шығысқа сапарынан қайтар жолда Керри өз ұшағын бұрғызып, келіссөздер өткізу үшін Парижге барған.

Жұма күні кешке АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Владимир Путиннің телефонмен сөйлесіп, Обаманың Ресейді Украинаның шығыс шекарасынан әскерін әкетуге шақырғаны туралы хабарланған еді.

Сенбі күні ресейлік телеарнаға сұхбатында Лавров Мәскеудің Украинаға әскер жіберу ниеті жоғын, бірақ Ресей Украинадағы орыстар мен орыстілді тұрғындардың құқығын қорғауға әзір екендігін мәлімдеген.

Сенбіде Германияның Focus журналында жарияланған сұхбатында НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен қалыптасқан ахуал НАТО-ны «аса қатты алаңдатып» отырғанын айтқан.

29 наурызда өткен Қырым татарларының кезектен тыс құрылтайы Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын айыптап, Қырымдағы татар халқының ұлттық және территориялық автономия түрінде өзін өзі билеу құқығын қолдауға шақырып халықаралық қауымдастыққа үндеу жасаған.

Украина саяси партиялары 25 мамырда өтетін президент сайлауына кандидат ретінде ұсынатын адамдарды атады.

Саясаткер, «УДАР» партиясының жетекшісі Виталий Кличко президент сайлауына түсуден бас тартып, демократиялық күштер атынан бірегей кандидат ретінде Жоғарғы рада депутаты, миллиардер Петр Порошенконы ұсынуға шақырды. Сарапшылардың пікірінше, негізгі бәсеке Петр Порошенко мен «Батькивщина» партиясынан сайлауға түсетін Юлия Тимошенконың арасында өрбімек.

Сенбі күні партия съезінде сөйлеген Тимошенко «еуропалық таңдау жасап, азаттыққа ұмтылып, ерлік танытқаны үшін украиндарды жазалағысы келеді» деп Ресей президенті Владимир Путинді сынады. Ол өзі президент болып сайланған жағдайда «украин жерінің бір сантиметрін де ұрыссыз бермейтінін» мәлімдеген.

Украина президенттігіне кандидаттарды тіркеу уақыты сәуірдің 4-і күні аяқталады. Президенттік сайлау елдің шығыс аймақтарында Киевтің іс-әрекетіне наразылықтар күшейіп, шешімін таппаған экономикалық проблемалар тереңдей түскен жағдайда өткелі отыр.
XS
SM
MD
LG