Accessibility links

«Мирзоянның өзін емес, көшесін білеміз»


Мирзоян көшесінен өтіп бара жатқан қала тұрғыны Айгүл Сейілханова. Алматы, 27 наурыз 2014 жыл.
Мирзоян көшесінен өтіп бара жатқан қала тұрғыны Айгүл Сейілханова. Алматы, 27 наурыз 2014 жыл.

Алматылық белсенділер «сталиндік респрессияға қатысқан большевиктің» атында көше болуына қарсы. Тарихшылар Қазақстанның советтік құндылықтардан арылмағанын айтады. Әкімдік «халық пікірін ескеруге» шақырады.

72 жастағы зейнеткер Ерік Мұхамедғалиев 1971 жылдан Алматы қаласындағы Мирзоян көшесінде тұрады. Таяққа сүйеніп баяу жүріп келе жатқан ақсақал Азаттық тілшісіне көшенің тарихын баяндап берді.

«Өмір бойы құрылыс комбинатында жұмыс істедім, мына үйлерді өз қолымызбен салдық. Мирзоян кейінгі атауы, бұрын Бірінші линия, жанындағы Исаев көшесі – Екінші, Жароков көшесі – Тоғызыншы линия болатын» дейді ол.

Совет кезеңінде көше атаулары көбіне жергілікті биліктің шешімі бойынша біржақты қойылатын. Ерік Мұхамедғалиев те, Азаттық тілшісі сөйлескен басқа тұрғындар да Левон Мирзоянның кім екенін айта алмады. Осы көшенің бір тұрғыны Елена Линчевская «бәлкім революционер болар» деп болжады. Бірақ егде тұрғындардың
Ерік Мұхамедғалиев - Мирзоян көшесінің тұрғыны. Алматы, 27 наурыз 2014 жыл.
Ерік Мұхамедғалиев - Мирзоян көшесінің тұрғыны. Алматы, 27 наурыз 2014 жыл.
бәрі дерлік көшенің ескі атауы сол күйінше қалуын тілейді. Өзгергенін ыңғайсыз санайды.

Мирзоян көшесімен жұмысына кетіп бара жатқан жоғарғы оқу орнының оқытушысы Айгүл Сейілханова да, осы көшедегі дүкенде екі жылдан бері сатушы болып істейтін Жанар Еламанова да Мирзоянның кім екенінен хабарсыз. Дүкенге кірген бір топ студент Левон Мирзоянды да, іргелес көшелерге аттары берілген революционерлер Ораз Исаев пен Багаутдин Шагабутдиновтерді «ақын, не жазушы» деп есептейді. Жастардың барлығы дерлік «көше атын ауыстырған жөн, елге еңбегі сіңген танымал адамның атымен аталғаны дұрыс» деп санайды.

«ӘЛІ ЕРТЕ»

Мирзоян есімі совет кезеңіндегі атауларды жаппай ауыстыруға шақырған қоғамдық белсенділердің іс-шараларынан соң БАҚ-та жиі көзге шалынатын болды. 1933-38 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Левон Мирзоян атындағы көше атын ауыстыру жөнінде қоғамдық белсенділер соңғы кездері бірнеше рет бастама көтеріп, түрлі пікірлер айтылған еді. Белсенділер «1937-38 жылдардағы саяси қуғын сүргінге араласқан» советтік партия қайраткері Левон Мирзоянның есімін көшеден алып тастау қажет деп санайды.

Левон Мирзоянның есімі кезінде Қазақстанның бірнеше ауданына да берілген. Тарихи деректерге қарағанда революционердің өзі 1938 жылы «халық жауы» ретінде тұтқынға алынып, 1939 жылы ақпанда атылғаннан кейін Жамбыл облысындағы ауданның бірінен аты алынып қалған. Йосиф Сталин өлгеннен кейін басқа да советтік қайраткерлермен қатар 1955 жылы ақталған.

Алайда 1990 жылдардың бас кезінде табылған кей деректерге қарағанда Левон Мирзоянның өзі де 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге араласқан.
Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты. Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз.
Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты. Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз.
«Мирзоянның Сталинге жазған хаты» деп сипатталатын құжат көшірмесі соңғы уақытта әлеуметтік желілерді кезіп жүр. Хатта: «Антисоветтік элементтер ретінде бірінші категория бойынша 8000, екінші категория бойынша 8000 адам атуға рұқсат берілген. Қазір бұл лимит толық пайдаланылды. Жат элементтерден толық тазарту үшін бірінші категория бойынша тағы да 600, екінші категория бойынша 1000 адам атуға рұқсат етуіңізді сұраймыз» деп жазылған.

Мирзоян атындағы көше атын ауыстыру керек деп санайтын Қасым Аманжолұлы бастаған ұлтшыл-патриоттық бағыттағы қоғамдық белсенділер осы хат көшірмесін дерек ретінде алға тартады.

Қоғамдық белсенділердің бұл уәжін Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты да жоққа шығармайды. Дегенмен бұл институт биыл наурыздың 12-сі күні қоғамдық белсенділермен өткізген кездесуінде «қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін» екенін алға тартып, «Мирзоян атындағы көше атын ауыстыруға әлі ерте» деген тұжырым жасап берген. Институт тұжырымымен келіспеген Қасым Аманжолұлы әлеуметтік желілерде қызу талқылауға толы кездесудің видеосын да жариялаған.

«ХАЛЫҚ ПІКІРІН ЕСКЕРУ»

Алайда тарихшылардың кейбірі бұл тұжырыммен келіспейді. Мәселен, большевиктермен келіспей шетелге эмиграцияға кеткен түркістандық саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін зерттеп жүрген тарихшы Бақыт Садықова Қазақстан көшелеріне большевик Мирзоян мен Шоқайдың есімдерін қатар беруді түсіне алмайды.

Ал тағы бір тарихшы Зардыхан Қиянаятұлының пікірінше тек Мирзоянға емес басқа да советтік қайраткерлерге қатысты пікірталастар бар. Оның айтуынша, ономастикадағы бұл түйткілдер бұрынғы постсоветтік елдердің әлі күнге
Левон Мирзоян (1896-1939 жж.) Қазақстан президенті архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі 2001 шығарған құжаттар мен материалдар жинағындағы суреті.
Левон Мирзоян (1896-1939 жж.) Қазақстан президенті архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі 2001 шығарған құжаттар мен материалдар жинағындағы суреті.
дейін советтік құндылықтардан арылып болмағанын көрсетеді.

Постсоветтік елдердің бірі Өзбекстанға ғылыми-зерттеу жұмыстарымен жиі баратын тарихшы Ордалы Қоңыратбаев Өзбекстан үкіметінің қуғын-сүргінге ұшырған 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың бас кезіндегі жәдидшілер қозғалысының өкілдерін ақтап, Ташкент, Самарқанның негізгі көшелеріне есімдерін бергенін айтады.

«Өзбекстан советтік кезеңге қатысты көптеген атауларды алып тастады. Бірақ Өзбекстанға еңбегі сіңген совет дәуіріндегі қайраткерлеріне тиіскен жоқ. Файзулла Ходжаев та, Акмал Икрамов та, Юлдаш Ахунбабаевтар атындағы жер-су атаулары әлі тұр» дейді тарихшы Ордалы Қоңыратбаев.

Оның айтуынша «бұл процес Қазақстанға қарағанда этникалық құрамы жағынан әлдеқайда біртекті Өзбекстанда біршама тезірек және дау-дамайсыз өтіп жатыр».

Тарихшының ойынша, Қазақстандағы советтік жер-су атауларын өзгеруді кешеуілдететін тағы бір фактор – постсоветтік елдер «жер-су атауларын қоғамдық формацияға шұғыл бейімдеуге, яғни совет өкіметі кезіндегідей бір ғана қаулы күшімен жүзеге асыруға тырыспайды, оны ономастикалық комиссиялар арқылы шешуге ұмтылады».

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы ономастикалық комиссия жұмысын ұйымдастыратын қалалық тіл басқармасына да хабарласқан еді. Басқарманың бас маманы Талант Тайыновтың сөзінше, «Мирзоян атындағы көше атын өзгерту-өзгертпеу мәселесі қоғамдық белсенділердің де, тарихшылардың пікіріне де тікелей тәуелді емес».

2013 жылы қаңтарда «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаннан кейін жер-су атауларын өзгертуге қойылған бұрынғы мораторийдің мерзімі аяқталған.

Осы заңды жүзеге асыру үшін үкіметтің бірнеше қаулысы шыққан. Соның бірі биыл ақпанда шыққан «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру
Елена Линчевская - Алматы қаласындағы Мирзоян көшесінің тұрғыны. 27 наурыз 2014 жыл.
Елена Линчевская - Алматы қаласындағы Мирзоян көшесінің тұрғыны. 27 наурыз 2014 жыл.
қағидаларын бекіту туралы» үкімет қаулысы. Талант Тайынов Мирзоян көшесі сияқты атаулардың дауы осы қаулыға сәйкес шешілетінін айтты.

«Мирзоян атындағы көше атын өзгерту туралы қалалық әкімдікке екі рет ұсыныс түсті. Оны алдағы уақытта Алматы қалалық ономастикалық комиссиясының қарауына саламыз, мәселені сол комиссия шешеді, заң бойынша жергілікті (көше – ред.) тұрғындардың да пікірі ескеріледі» деді ол.

Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес Мирзоян атындағы көше атын ауыстыру үшін жоғарыда аталған Ерік Мұхамедғалиев пен Елена Линчевская сияқты тұрғындардың пікірлері де қаперге алынбақ. Бұған қарағанда Мирзоян атауын қолдаушылар мен оған қарсы шығушылардың теке-тіресі әлі біраз уақытқа созылатын сияқты.
XS
SM
MD
LG