Accessibility links

Ресей Украинамен шекарадағы әскерінің біразын әкете бастады


Ресей танкілері Симферополь түбіндегі Гвардевский селосына әкелініп жатыр. 31 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Ресей танкілері Симферополь түбіндегі Гвардевский селосына әкелініп жатыр. 31 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Ресей Украинамен арадағы шекарасынан әскерін біртіндеп әкетіп жатқаны туралы хабарлады. Германия үкіметінің мәлімдеуінше, бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлескен кезінде айтқан.

Ресей қорғаныс министрлігінің деректері бойынша, моторлы жаяу әскер батальоны әскери жаттығулар аяқталған соң Ростов облысынан кете бастаған. Бірақ Ресейдің аймақтан қанша әскерін әкеткені айтылмады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, Кремльдің мәліметтері расталып жатса, онда мұның "дағдарысты реттеудегі оң қадам болғаны".

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер шекарада Ресей әскерінің азаюы "жағдайдың аз да болса жақсара бастағанының көрінісі" екенін мәлімдеді.

Соңғы айда Мәскеу Ресей-Украина шекарасына ондаған мың сарбаз шоғырландырған. Бұл Кремль Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Украинаның басқа да бөлігін басып алуы мүмкін деген қауіп тудырған еді.
XS
SM
MD
LG