Accessibility links

Сәтпаев: «Бұл – кадрлық дағдарыстың белгісі»


Кәрім Мәсімов, Қазақстанның премьер-министрі
Кәрім Мәсімов, Қазақстанның премьер-министрі

Қазақстан премьері қызметіне президент әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімов екінші рет тағайындалды. Азаттық саясаттанушы Досым Сәтпаевтан бұл өзгерістің астары туралы сұхбат алды.

Сәуірдің 2-сі күні Астанада шұғыл түрде өткен отырыста мәжіліс депутаттары президент ұсынған премьердің жаңа кандидатурасын «бірауыздан қолдаған» соң Кәрім Мәсімов 2007 жылы осы қызметке алғаш тағайындалғанда айтқан сөздерін тағы қайталады. «Бірінші жолы да айтқам, қазір тағы қайталаймын – сіздің көмекшіңіз болғам, қазір де көмекшіңізбін, болашақта да әркез көмекшіңіз болып қала беремін» деді Мәсімов. «Осылай тұрақты болғаны жақсы» деді оған президент Назарбаев. Конституциясы бойынша президенттік басқару жүйесі орнаған деп сипатталатын, халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары автократиялық режим деп сынайтын бұл саяси ортада мұндай диалогтар кәнігі көрініске айналған.

Ал Қазақстан үкіметін 2012 жылдың қыркүйек айынан бері басқарып келген Серік Ахметовтің нақты не үшін қызметінен алынғаны да әдеттегідей түсініксіз болып қалды. Оның «орнынан түсетіндігі» туралы болжамдардың шығуына былтырғы қазан айында президент Назарбаевтың үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізіп, премьер-министрді сынауы себеп болған. Мәсімовтің кандидатурасын ұсынған кезде президент Назарбаев «жаңа үкіметтің инвесторларды тартуға күш салуы керек екенін, экономиканы күшейту үшін ұлттық қордан бір триллион теңге бөлдіру туралы шешім шығарғанын, ал Ахметовтің тұсындағы үкіметтің бұған қатысты нақты жоспар ұсына алмағанын» айтты.

Азаттық саясаттанушы Досым Сәтпаевпен сұхбаттасып, үкімет басындағы өзгерістердің себептері туралы пікірін сұрады.

Азаттық: - Премьер-министр Серік Ахметовтің отставкаға кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: - Былтыр күзде Серік Ахметов пен оның үкіметіне қарата мемлекет басшысы тарапынан қатаң сын айтылған болатын. Сол кезде-ақ Серік Ахметов қызметінде ұзақ отыра алмайды деген болжамдар жасалды. Сондықтан оның биыл көктемге дейін қызметінде отыруының өзі таңданарлық жайт. Ең қызығы, президенттің сынын сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік ақпарат құралдары әрі қарай жаппай іліп әкетіп, баспасөз бетінде ашық сынауға көшті. Оған тіпті парламент депутаттары да белсенді түрде қосыла кетті.

«Үкімет қайда қарап отыр?» науқаны туралы Азаттықтың мақаласын оқыңыз.

Сөйтіп Серік Ахметовтің өзі мен командасына күшті соққы беру жөнінде жоғарыдан бұйрық түскендей әсер қалдырған еді. Сол кездің өзінде жоғары элитаның өз ішінде премьер-минитсрлік үшін әлдебір тартыс басталғаны, Серік Ахметовтің «құрбандыққа шалынатыны» түсінікті болды.

Азаттық: - Қалай дегенмен де Серік Ахметов бір жарым жылдай премьер-министр қызметін атқарды. Қазақстанда үкіметтің саяси мәселелерге араласпайтыны белгілі. Бірақ экономикалық табыстары бар ма?
Серік Ахметов, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі
Серік Ахметов, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі


Досым Сәтпаев: - Сұлу сөзбен суреттелген бағдарламалар жасаудан өзге Серік Ахметовтің үкіметі айта қаларлықтай экономикалық табыстарымен мақтана алмайды. Тек ол ғана емес оған дейінгі үкіметтер де әдемі бағдарламалар жасағанымен оны шын мәнінде жүзеге асыра алған жоқ. Бұл ретте үкімет пен премьер-министрден өзге мемлекеттік аппарат және әкімдер де бар екенін ескеру керек. Экономикалық реформалардың жүзеге аспауында олардың да «үлесі» бар. Сондықтан мемлекеттік аппаратқа реформа жасалмайынша қандай ақылды премьер-министр болса да, толымды жетістік болады деп айта алмаймын.

Азаттық: - Қазақстан президенті әкімшілінің жетекшісі Кәрім Мәсімовті қайтадан премьер-министр қызметіне тағайындаудың қандай мәнісі бар?

Досым Сәтпаев: - Кәрім Мәсімовтың қайта оралуы да Қазақстан үшін біршама тосын оқиға деуге болады. Менің ойымша, қандай да бір себеппен президент ойында «Мәсімов - дағдарысқа қарсы табысты жұмыс істей алатын бірден-бір менеджер» деген образ қалыптасқанға ұқсайды. Кезінде премьер-министрліктен босатқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың Кәрім Мәсімовті «елдегі ең қиын қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде жағдайды бақылауда ұстай алды» деп баға бергені есімізде. Бірақ оның дәл президент айтқандай емес екенін көпшілік түсінді. Өйткені Серік Ахметов үкіметі Кәрім Мәсімов кезінен қалған көптеген проблеманы мойнына іліп алды. Мәселен индустриалдық-инновациялық бағдарламаның дұрыс жүзеге аспағаны үшін Серік Ахметовті сынағандар ол бағдарлама Кәрім Мәсімовтің кезінде басталып, сол кезде-ақ шашырап кеткенін біледі. Яғни бұл бағдарламаның сәтсіздіктерінің көпшілігі Кәрім Мәсімовтің мойнында.

Кәрім Мәсімовтің қызмет тарихы

49 жастағы Кәрім Мәсімов Пекин тілдер институтын, Ухань университетінің заң институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Ресми мәліметке сәйкес экономика ғылымдарының докторы, ағылшын, қытай және араб тілдерін меңгерген.
  • 1990 жылдары Еңбек министрлігінің бас экономисі, бөлім бастығы, сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің Үрімжі қаласындағы өкілдігінің аға маманы, Қазақстанның Гонконгтағы сауда үйінің атқарушы директоры болып жұмыс істеген. Алматы сауда-қаржы банкінің, Қазақстан халықтық жинақтаушы банкінің басқарма төрағасы болған.
  • 2000 жылдардың басында көлік және коммуникация министрі, президенттің көмекшісі, премьер-Министрінің орынбасары - экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметтеріне тағайындалған.
  • 2007 - 2012 жылдары Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарды.
  • 2012 жылы Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды.
  • 2014 жылдың қаңтарынан бері мемлекеттік хатшының міндетін де атқарып келген.
  • 2014 жылғы сәуірдің 2-сінде премьер-министр қызметіне қайтадан тағайындалды.


Тағы да қайталаймын, бұл жерде барлығы президент Назарбаевтың субъективті тұжырымына байланысты болып отыр. Өз басым Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер кезде, алдағы мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне қол қояр кезде, президент жиі айтып жүргендей «жаңа экономикалық дағдарыстар» қарсаңында тек Кәрім Мәсімов қана бұл қызметті алып жүреді деген миф президенттің миына ұялаған деп санаймын.

Азаттық: - Әлеуметтік желілердегі кейбір пікірлер жоғары билікте кландар тартысы жүріп жатыр дегенге саяды. Осы тұрғыда Тимур Құлыбаев (президент Назарбаевтың күйеу баласы, мұнай магнаты – ред.) пен Кәрім Мәсімов тобы күшейіп келеді деген тұжырым айтылады. Бұл шындыққа жанаса ма?

Мәсімовтің алдыңғы премьерлік мерзімі туралы сараптаманы оқыңыз.

Досым Сәтпаев: - Қазақстанда кланаралық тартыс тоқтаған емес. Бірақ ондағы ойыншылардың құрамы айтарлықтай өзгермейді. Қазір президенттің айналасында жоғары лауазымды иеленіп отырғандардың барлығы дерлік солар. Оларға президент әкімшілігінің жетекшісі, ҰҚК төрағасы, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры секілді ықпалды қызметтер мен құрылымдар жатады. Әрқайсысы өз адамын көтермелегісі келеді. Бұл бір жағынан Қазақстанда қандай да бір ресурстарға ықпал ете алатын аса жоғары лауазымды қызметтердің көп еместігінен де шығар, бәлкім.

Мысалы, президент әкімшілігі ақпараттық, әкімшілік, тіпті ішінара күштік құрылымдарға да бақылау жасай алады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мен қаржы полициясының да бәсекелестеріне ықпал ете алатын тетіктері бар. Яғни биліктегі ойыншылардың құрамы аса қатты өзгермейді, бәрімізге үйреншікті адамдар. Кейде жаңа адамдар қосылады, бірақ ішкі саяси және экономикалық процестерге ықпал етуге талпынушылар көп емес. Бұл тұрғыдан келгенде Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаевтың тобы күшейгені байқалады, мұны кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы деген жаңа құрылымның пайда болып, функциясы ұлғайтылғанынан да байқай аламыз.
Тимур Құлыбаев (сол жақта) пен Кәрім Мәсімов KazEnergy конференциясында. Астана, 4 қазан 2011 жыл
Тимур Құлыбаев (сол жақта) пен Кәрім Мәсімов KazEnergy конференциясында. Астана, 4 қазан 2011 жыл


Бірақ Кәрім Мәсімовтің «дербес ойыншы» ретінде көрінгісі келетіні көптен бері айтылып жүр. Оның өте мықты тұсы – премьер-министр болып тұрғанда да, президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінде де барлық ықпалды «ойыншылармен» бірқалыпты қатынас орнатқандығында. Сол себепті оны барлық тараптың қарсылығын туғызбайтын «компромис тұлға» деуге болады. Оны әлгі ойыншылар да, президент те «өз адамы» деп санайды, бірақ Қазақстан қоғамы «өз адамы» ретінде қабылдай ма, жоқ па, ол басқа мәселе.
Саясаттанушылар үшін премьер-министрдің орнынан түсуі ешқандай да сенсация болудан қалған.


Азаттық: - Енді екі жылдан кейін Қазақстанда президент сайлауы өтуі тиіс. Әдетте сайлауға жақындаған тұста премьер-министрлікке тағайындалатын адамның рөліне ерекше мән беріп жатады.

Досым Сәтпаев: - Егер Қазақстанда парламент пен премьер-министрдің өкілеттігін кеңейтуге байланысты конституциялық өзгерістер жасалса, онда премьер-министрдің жеке тұлғасына шұқшия қарауға болады. Егер ондай өзгеріс бола қалса, премьер-министр айтарлықтай дербес саяси ойыншы ретінде көріне бастайды. Постсоветтік кеңістікте ондай мысал аз емес, соның бірі - Ресей. Ельциннің кезінде премьер-министр Владимир Путиннің өкілеті қалай ұлғайғаны белгілі. Ал қазір Қазақстанда жағдай ондай емес. Саясаттанушылар үшін премьер-министрдің орнынан түсуі ешқандай да сенсация болудан қалған. Қазақстанда премьер-министр де, үкімет те тапсырманы орындаумен шұғылданатын техникалық құрылым ғана. Қазіргі билік ережесі бойынша премьер-министр тек экономикалық бағыт үшін жауап беретін тұлға болып саналады. Әкежан Қажыгелдиннен кейін премьер-министрлер саясатқа бас сұқпайтын болған.

Азаттық: - Кез-келген қарапайым адамның ойында «премьер-министрлікке тағайындайтын басқа адам жоқ па?» деген сауал тууы мүмкін ғой?

Досым Сәтпаев: - Ең қызығы соңғы кезде билік жиі қолданатын терминдердің бірі – меритократия. Мемлекеттік қызметті сатыға бөліп, «А», «Б» корпустарын жасады. Бірақ соған қарамастан бәз-баяғы кадрлық колода айналып жүр. Осыған қарап Қазақстанда өзгертуге болмайтын адамдар пайда болған ба деген сезімде қаласың. Мен мұны бір сөзбен «кадрлық дағдарыс» деп атаған болар едім. Бұл бір жағынан шенеуніктер ауыздарынан тастамайтын «әлеуметтік кадрлық лифтердің» сөз жүзінде ғана қалғанын көрсетеді. Кадрлық мәселелерді шешуге қатысушы ықпалды ойыншылар сырттан келетін «бөтен» адамдарды жібергісі келмейді. Сондықтан көпшілігі өз кандидатарын өткізе алмаса, тым құрығанда бүгінгі мысалдағыдай «үйреншікті» адамды көргісі келеді.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рақмет.
XS
SM
MD
LG