Accessibility links

Астанада наразы әйелді полиция ұстады


Наразылық танытқан астаналық тұрғын Алтын Червалиеваны полиция ұстап әкетіп барады. Астана, 3 сәуір 2014 жыл.
Наразылық танытқан астаналық тұрғын Алтын Червалиеваны полиция ұстап әкетіп барады. Астана, 3 сәуір 2014 жыл.
Астанада жер телімін алып қоюына қарсылық білдіріп, қала әкімдігінің алдында жалғыз адамдық наразылық акциясын өткізген тұрғын Алтын Червалиеваны полиция ұстап әкетті.

Азаттық тілшісінің оқиға болған жерден хабарлауынша, Червалиева қала әкімшілігіне өз үйі салынған жер телімінің "мемлекетке қажет" деген себеппен алынатынына қарсылық танытуға барған. Наразы әйел биліктің "мемлекетке қажет" деп алмақ болған жеріне әлеуметтік инфрақұрылымдар емес, шенеуніктерге арналған коттедждер салу жоспарланған дейді.

Үстіне қатты қағаздан жасалған киіз үйдің макеті мен жазуы бар плакат жапсырып шыққан Алтын Червалиева қала әкімдігінің алдында бірнеше минут қана тұрды. Бұдан соң оны полиция ұстап әкетті.

Астанада "мемлекетке қажет" деген себеппен жер телімдерін алып қою көп жағдайда қала билігі мен жер иелерінің келіспеушіліктерін тудырып жатады. Жер телімдерінің иелері көбінесе алынған жер теліміне берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейді.

Былтыр күзде астаналық екі әйел үйлері тұрған жер телімінің сот шешімімен "мемлекет мұқтаждығына" алынуына байланысты сүрілуіне наразылық білдіріп, құрылыс кранының басында бес күн отырған. Олар жерге түсіріле сала үйлері сүріліп тасталған еді.
XS
SM
MD
LG