Accessibility links

Қырғызстанда кеніш дауы қақтығысқа ұласты


Қырғызстанның солтүстігінде наразылық танытып жолды жапқан тұрғындармен қақтығыс салдарынан бірнеше милиция қызметкері зардап шеккен, олардың екеуінің жағдайы ауыр, милицияның бір көлігі бүлінген деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Бейсенбі күні Бақай-Ата ауданы Боо-Терек ауылының тұрғындары қазақстандық «Алтын Кумуштак Майнинг» компаниясы зерттеу жұмыстарын атқарып жатқан Шыралжын алтын кенішінің жұмысына қарсылық білдіріп жиын өткізген. Тұрғындар кеніштегі жұмыстар экологиялық жағдайға кері әсер етеді деген пікірде.

Жергілікті биліктен қолдау таппаған соң тұрғындар Талас-Тараз автокөлік жолын жауып тастаған. Оқиға орнына келген милиция өкілдері тұрғындарды жолды ашуға көндіре алмай, ақыр соңы қақтығысқа ұласқан. Түні бойы жолды жауып тұрғандар тек жүкті әйелдер мен науқас адамдар, қазаға бара жатқандарды ғана өткізіп тұр деп хабарлады Азаттыққа жергілікті тұрғындар. Жабық жол бойында бірнеше ондаған автокөлік жиналып қалған.

Қазір ол жерде жүзден аса адам үкімет өкілдерінің келуін күтіп тұр. Наразы жұртпен келіссөздер өткізу үшін Қырғызстанның жаңадан тағайындалған вице-премьері Абдырахман Маматалиев пен ішкі істер министрінің орынбасары Қалықбек Сатыбалдиев аттанған деп хабарлайды Азаттық.
XS
SM
MD
LG