Accessibility links

Сәуірдің 7-сі күні Қарағанды қаласындағы №3 автопарктің жүзге жуық жүргізушісі мен кондукторы ереуілге шықты. Олардың негізгі талаптары - 70 мың теңгелік күндік жоспарды азайту және берілетін жанармай мөлшерін ұлғайту.

Азаттық тілшісі сөйлескен Данияр есімді жүргізуші түске таман автопарк ғимаратында басшылықпен келіссөз жүріп жатқанын хабарлады.

- Біз контроллерлер тарапынан болатын тексерісті де азайтуды талап етіп отырмыз. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Нәтижесі әзір белгісіз, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Жүргізушілер автопарк тарапынан берілетін жанармай мөлшері аз болғандықтан кей уақытта қалталарынан сатып алуға мәжбүр болатындарын айтады.

Әзірге автопарк басшылығынан комментарий алудың сәті түспеді. Азаттық тілшісіне автопарк өкілі басшылықтың жиналысқа кеткенін айтты.

Дүйсенбі күні №43, 53, 19, 1 бағыттардағы автобустары жүрмей қалғандықтан таңертең Қарағанды аялдамаларында кептеліс пайда болып, көптеген жолаушылар жұмыстарынан кешігіп қалған. Жолаушылардың айтуынша, қазіргі кезде қалада бұл бағыттарға №5 жеке автопарк жүргізушілері қызмет көрсетіп жатыр.

Азаттық наразы жұмысшылар мен автопарк басшылығының келіссөздері нәтижесін қосымша хабарлап отырады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG