Accessibility links

"Павлюк ісі" бойынша Қырғызстанда екі адам ұсталды


2009 жылы желтоқсанда Алматыда қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий Павлюк. Жеке мұрағаттағы сурет.
2009 жылы желтоқсанда Алматыда қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий Павлюк. Жеке мұрағаттағы сурет.
Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері 2009 жылы Алматыда қастандық құрбаны болған қырғызстандық журналист Геннадий Павлюктің қазасына қатысты тұтқындалды.

Қырғызстан бас прокуратурасы өкілінің бүгін Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, екі қызметкер 5 сәуірде қазақстандық тергеушілер оларды күдікті ретінде көрсеткеннен кейін тұтқындалған.

Қырғызстандық журналист Геннадий Павлюк 2009 жылы желтоқсанда Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің алтыншы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, бірнеше күннен кейін сол ауыр жарақатынан есін жимаған күйі ауруханада қайтыс болған еді.

Қазақстан осы оқиғаға орай кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, оны зерттеуге Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау орындары қатысқан.

2011 жылы қазан айында бұл іс бойынша сот үкімі шығып, Қазақстан азаматтары – Алмас Игіліков 10 жылға, Шалқар Оразалин 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Қырғызстан азаматы Алдаяр Исманқұлов «Павлюктің өлімін ұйымдастырушы адам» деп танылып, 17 жылға сотталған.

Журналистің туыстары мен әрістестері Павлюк Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевке қарсы оппозициялық қозғалысқа қосылғандықтан оның өлімінің саяси астары бар деп санайды.
XS
SM
MD
LG