Accessibility links

Руандада геноцид құрбандарын еске алу басталды


Руанда президенті Пол Кагаме (сол жақтан екінші) геноцид құрбандарын еске алуға арналған жиында. Кигали, 7 сәуір 2014 жыл.
Руанда президенті Пол Кагаме (сол жақтан екінші) геноцид құрбандарын еске алуға арналған жиында. Кигали, 7 сәуір 2014 жыл.
Руандада осыдан 20 жыл бұрын болған геноцид құрбандарын еске алу апталығы басталды. Руанда президенті Пол Кагаме мен БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун 100 күн бойы жанып тұратын алауды тұтатты.

Руандадағы 1994 жылғы геноцид 100 күнге созылған еді. Ол кезде хуту тайпасы экстремистерінің қолынан 800 мыңнан астам адам (көпшілігі тутси тайпасы өкілдері) мерт болған еді. Геноцид 6 сәуір күні Руанда президенті, хуту тайпасынан шыққан Жувеналь Хабьяриманның өлімінен кейін басталған. Президент мінген ұшақты біреулер Кигали қаласы үстінен ұшып бара жатқанда атып түсірген.

Руандадағы Франция елшісі Мишель Флешке еске алу шарасына қатысуға рұқсат етілмеді. Оған Руанда президенті Пол Кагаменің геноцидке қатысты пікірінен туындаған екі ел арасындағы дипломатиялық жанжал себеп болған. Пол Кагаме сұхбаттарының бірінде Франция мен Бельгияны "Руандада геноцид болатындай жағдай тудырды" және "қырғынға араласты" деп айыптаған.
XS
SM
MD
LG