Accessibility links

Керри мен Лавров Украина жайын талқылады


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Париж, 31 наурыз 2014 жыл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Париж, 31 наурыз 2014 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 7 сәуірде телефон арқылы Украинадағы жағдайды талқылады деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки.

Телефонмен әңгімеде Керри Лавровқа АҚШ-тың Харьков, Донецк, Луганск және Мариупольдегі соңғы бір тәуліктегі жағдайларды алаңдаушылықпен бақылап отырғанын айтқан. Керридің айтуына қарағанда, "Украинаның шығыс аймақтарындағы оқиғалар өз ішінен пайда болып, дамығанға ұқсамайды".

Джон Керри бұған қоса таяуда ғана Украинада әрекет еткен Ресей барлау қызметі өкілдерінің ұсталғанына нұсқап, украин билігінің "соңғы оқиғалар Ресейдің астыртын ұйымдастыруымен болып жатыр" деген болжамына назар аударған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Украина үкіметінің өкілдері үкімет ғимараттарын босату және шиеленісті бәсеңсіту жайында келіссөздер жүргізу үшін тәртіпсіздіктер болып жатқан қалаларға кетіп жатқанын айтқан. Ол Ресейді сепаратистердің, диверсанттар мен арандатушыларға дем беруді тоқтатып, диалогқа шақырды.

Мемлекеттік хатшы Украинада бұдан ары тұрақсыздық орнату әрекеттері Ресейге қосымша зардап келтіретінін ескерткен.

Лавров пен Керри таяу он күн ішінде Украина, Ресей, АҚШ және Еуропа Одағы арасында шиеленісті шешуге қатысты тікелей келіссөздер өткізу жайын да талқылаған.

6 сәуірде ресейшіл топтар Донецк облыстық әкімшілігі мен Харьков қалалық әкімшілігін, Луганск қаласында Украина мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бөлімшесін басып алған.

7 сәуірде Донецкіде облыстық әкімшілік ғимаратын басып алған ресейшіл күштер "Донецк халықтық республикасын" жариялады. Өзін-өзі жариялаған "Донецк республикасы" кеңесі шерушілерге күш көрсетілсе, аймаққа "уақытша бітімгершілік контингентін кіргізуді" сұрап, Ресей президенті Владимир Путинге өтініш білдірді.
XS
SM
MD
LG