Accessibility links

Қарағандыда жүргізушілер ереуілі жалғасты


Ереуілдеп тұрған №3 автопарк жұмысшылары басшылықпен кездесіп отыр. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. "Новый вестник" газетінің суреті.

Ереуілдеп тұрған №3 автопарк жұмысшылары басшылықпен кездесіп отыр. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. "Новый вестник" газетінің суреті.

Қарағандыда №3 автобус паркінің жүргізушілері ереуілдерін бүгін де жалғастырды. Олардың негізгі талаптары - 70 мың теңгелік жұмыс жоспары мен контроллер тексерістерін азайту, берілетін жанармай мөлшерін ұлғайту.

Жүргізуші Данияр Досовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, кешеден бері болып жатқан басшылықпен арадағы келіссөздерден нақты нәтиже шықпаған.

- Олар қойған талаптарымыздың тек біреуін, онда да жартылай ғана орындамақ. Яғни, жұмыс жоспарын 10 мың теңгеге емес, тек 4 мыңға азайтатындарын айтты. Біз келіспедік. Себебі оларын бәрібір айыппұлмен қайта өндіріп алады. Талаптарымыз толық орындалмай жұмысқа шықпаймыз, - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгін жүзден астам жүргізуші автопарк маңына жиналып, мәселені біраз талқылағаннан кейін үйлеріне тарап кеткен. Кешеден бері Азаттық тілшісі №3 автопарк басшылығына оқтын-оқтын телефон шалып жатыр. Бірақ комментарий алу мүмкін болмай тұр.

Жолаушылардың айтуынша, қазір қалада №3 автопарктің ереуілге шыққан жүргізушілерінің орнына №5 автопарктің маршруттары қызмет көрсетіп жатыр. Бірақ жүргізушілері ереуіл жасап жатқан маршруттарда автобустар сол күйінше аз. Сондықтан қаладағы жолаушылар бүгін де қажетті жерлеріне жете алмай, қиындық көрген.

Жыл басынан бері Қарағанды қаласында қоғамдық көліктің ақысы бірден 30 теңгеге қымбаттап, 80 теңге болған еді. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырып, қалада бірнеше қарсылық шеруі өтті. Тек содан кейін ғана қала басшылығы студенттер, зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жолақыны 50 теңге етіп қайта азайтқан.

Қарағанды қаласындағы №3 автопарктің 100-ге жуық жүргізушісі ереуілді кеше, 7 сәуір күні бастаған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG