Accessibility links

Германия үкіметі қос азаматтықты мақұлдады


Германия туы. (Көрнекі сурет)

Германия туы. (Көрнекі сурет)

Германия үкіметі 8 сәуірде иммигранттардың балаларына қос азаматтық алуға рұқсат ететін заң жобасын мақұлдады. Жоба бойынша, иммигранттардың балаларына енді я Германияның, я ата-аналарының азаматтығының бірін ғана таңдау туралы шарт қойылмайды.

Осы уақытқа дейін иммигранттардың Германияда туған балалары 18 жасқа толған кезден бастап 23 жасқа дейін екі ел азаматтығының бірін таңдауы тиіс болатын.

Жаңа заң жобасы енді иммигранттардың балаларына Германия мен ата-аналары тіркелген елдің азаматтығын қатар алуына мүмкіндік береді. Иммигранттардың балалары қос азаматтықты алу үшін Германияда туған сәтінен бастап сегіз жыл тұруы және алты жыл мектепте оқуы немесе осы елде орта білім алған болуы қажет.

Заң жобасын енді парламент мақұлдауы тиіс. Германия канцлері Ангела Меркельдің басқарушы Христиан-демократиялық одағындағы серіктесі - Социал-демократиялық партиясы осы заң жобасын қабылдатумен белсенді айналысып жүр.
XS
SM
MD
LG