Accessibility links

Сот Әблязовты экстрадициялау үкімін тоқтатты


Мұхтар Әблязов, қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға

Мұхтар Әблязов, қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға

Францияның кассациялық соты қазақстандық қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаның біріне экстрадициялау туралы шығарылған әуелгі шешімнің күшін жойды.

2014 жылғы 9 қаңтарда Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласының соты Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарған еді. Кейін оның адвокаттары сот үкімінің үстінен апелляциялық шағым түсірген.

50 жастағы Әблязов 2013 жылы шілде айында Францияның Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері француз құқық қорғау орындарының қамауында отыр. Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген. Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.
XS
SM
MD
LG