Accessibility links

Арсен Аваков: Славянскіде антитеррорлық шара басталды


Милиция ғимараты алдына жиналған ресейшіл топ Ресей туын көтеріп тұр. Славянск, 12 сәуір 2014 жыл.

Милиция ғимараты алдына жиналған ресейшіл топ Ресей туын көтеріп тұр. Славянск, 12 сәуір 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы Славянск қаласында «антитеррорлық операция» басталғаны туралы елдің ішкі істер министрі міндетін атқарушы Арсен Аваков бүгін Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парағы арқылы хабарлады.

«Славянскіде АТО (антитеррорлық операция – ред.) басталды. Барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Құдай қолдасын!» деп жазған ол.

Сенбі күні Украинаның шығысындағы Славянск және тағы бірнеше қалада қарулы топтар жергілікті милиция бөлімдеріін және өзге де үкімет үйлерін басып алған еді.

Киев бұл оқиғаларды Ресей тарапынан жасалған «басқыншылық әрекет» деп сипаттаған.

Сенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен телефон арқылы сөйлескен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров егер Киев Украинаның оңтүстік-шығысында билікке талап қойып жатқандарға күш қолданатын болса, ол келесі аптада Женевада төртжақты кездесу өткізуге кедергі болатынын ескерткен. Бұған дейінгі уағдаластық бойынша, АҚШ, Еуропа Одағы, Ресей және Украинаның қатысуымен сәуірдің 17-і күні Женевада Украинадағы дағдарысты реттеу жөнінде кездесу өткізу жоспарланған еді.
XS
SM
MD
LG