Accessibility links

Днепропетровскіде ішінара мобилизация жарияланды


Днепропетровскідегі акцияға қатысушы «Путин, көріскенше!» деген жазу ұстап тұр.

Днепропетровскідегі акцияға қатысушы «Путин, көріскенше!» деген жазу ұстап тұр.

Украинаның шығысындағы Днепропетровск қаласына кіретін жолдарда блокпосттар орнатылады. Мұндай шешімді Днепропетровск облыстық ұлттық қорғану штабының бастығы Юрий Береза қабылдаған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл шара «Донецк облысында белсенді әрекеттерге көшкен диверсиялық топтардан» қорғану үшін құрылған. Облыстық билік ішінара мобилизация жариялаған.

«Ақпараттық қарсылық» тобының ұйымдастырушысы, әскери-саяси зерттеу орталығының жетекшісі Дмитрий Тимчук аймақтағы оқиғаларға көрші мемлекеттің әсері етіп отырғаны туралы мәлімдеді.

– Украинаның оңтүстік-шығысындағы қазіргі экстремистік акцияларды қоздырып, басқарып отырған Ресей қарулы күштері бас штабының бас барлау басқармасы (ГРУ) үйлестірушілерінің желісі бар. 2014 жылы наурызда Қырымда билік органдарын басып алып, украиналық әскери бөлімшелерге тосқауыл орнатқан ресейлік ГРУ қызметкерлері анықталды, - дейді ол.

Сонымен бірге Тимчуктың сөзінше, «қазіргі акциялардың мақсаты – Женевада төртжақты кездесу басталатын 17 сәуірге дейін жергілікті билік орындарын неғұрлым көбірек басып алу арқылы Мәскеуге Киев бұл аймақты бақылауға ие бола алмай отыр деп мәлімдеуіне себеп беру». Осылайша Ресей билігі Украина билігін халықтың бір бөлігінің алдында заңсыз етіп көрсеткісі келеді дейді Тимчук.

Бұған дейінгі уағдаластық бойынша, АҚШ, Еуропа Одағы, Ресей және Украинаның қатысуымен сәуірдің 17-і күні Женевада Украинадағы дағдарысты реттеу жөнінде кездесу өткізу жоспарланған еді.

Сенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен телефон арқылы сөйлескен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров егер Киев Украинаның оңтүстік-шығысында билікке талап қойып жатқандарға күш қолданатын болса, ол келесі аптада Женевада төртжақты кездесу өткізуге кедергі болатынын ескерткен.

«Ел тағдырына жауапкершілікті мойнына алуға Киевтің қауқарсыздығы көрініп отыр» деп мәлімдеген Лавров.

Ресей сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде Украинаның шығысында болып жатқан оқиғаларды «арандатудағы» Ресейдің рөліне қатысты Джон Керридің алаңдаушылық білдіргені айтылған.
XS
SM
MD
LG