Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украина жайын талқылады


Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин (ортада) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинаға қатысты жиынында сөйлеп отыр. Нью-Йорк, 19 наурыз 2014 жыл.

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин (ортада) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинаға қатысты жиынында сөйлеп отыр. Нью-Йорк, 19 наурыз 2014 жыл.

Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің ұсынысымен Украинадағы шиеленісті жағдайды талқылау үшін төтенше жиын өткізді.

Ресей төтенше жиынды Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов 13 сәуірде ресейшіл сепаратистерге 14 сәуір күні таңғы сағат 9-ға (Киев уақытымен) дейін елдің шығысындағы бірнеше қалада басып алған милиция бөлімдері мен үкімет ғимараттарын босатып, қаруларын тапсыру туралы ультиматум қойған соң шақырған. Турчинов егер қаруларын тастамаса сепаратистерге қарсы армияның қатысуымен "ауқымды антитеррорлық операция басталатынын" ескерткен.

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин Қауіпсіздік кеңесінің төтенше жиынында Турчиновтың бұл талабына алаңдаушылық білдіріп, "Киев Украинаның шығысында күш қолдануды тоқтатып, шынайы диалог бастауы тиіс" деді.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэрс Украинадағы шиеленісті "қолдан жасалған және онда Ресейдің қолтаңбасы айқын көрінеді" деп мәлімдеді.

Украинаның БҰҰ-дағы өкілі Юрий Сергеев те сепаратистік әрекеттерді ұйымдастырып отыр деп Ресейді айыптап, Мәскеуді "Украинаның территориялық тұтастығын бұзуды көздейтін әрекеттерді" дереу тоқтатуға шақырды.

БҰҰ-дағы Франция өкілі Жерар Аро "Украинаның болашағын тек украиндықтардың өздері ғана шешуі тиіс" деді.

Ал Ұлыбритания өкілі Марк Лайалл Грант Қауіпсіздік кеңесіне қатысушыларға Ресейдің Украинамен шекарасына жақын тұсында Ресейдің жақсы қаруланған 35-40 мың аралығында әскері тұрғанын спутниктен түсірілген суреттерден байқауға болатынын айтты.
XS
SM
MD
LG