Accessibility links

Донецкіде арнайы операция режимі енгізілді


Ресейшіл белсенділер Мариуполь қаласының әкімшілігін басып алуға әрекет жасап жатыр. Донецк облысы, 13 сәуір 2014 жыл.

Ресейшіл белсенділер Мариуполь қаласының әкімшілігін басып алуға әрекет жасап жатыр. Донецк облысы, 13 сәуір 2014 жыл.

Украина билігінің ресейшіл сепаратистерге қаруын тастап, басып алған үкімет ғимараттарын босату туралы қойған ультиматум мерзімі аяқталған соң Донецк облысында арнайы операция режимі енгізілді.

Донецк облысының губернаторы Сергей Тарута арнайы операцияның мақсаты - облыста бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау екенін айтып, тұрғындарды арандатуға бой ұрмауға шақырды.

Қазір Донецкіде облыстық әккімшілік пен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бөлімшесін ресейшіл сепаратистер бақылауында ұстап отыр. Сепаратистер Донецк облысындағы бірнеше қалада әкімшілік ғимараттарын басып алған.

Славянск қаласында жағдай бұрынғыдай шиеленіскен күйі қалды. Мұнда қарулы адамдар милиция бөлімшесін басып алған. 13 сәуірде қақтығыстардан төрт адам қаза тапқан еді.

Славянск, Мариуполь, Дружковка, Краматорск, Макеевка, Енакиево және Харцызск қалалық кеңестерінің кейбірі түгелдей, кейбірі ішінара басып алынған.

Киев Мәскеуді Украинаның оңтүстік-шығысындағы сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Украина мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қолында Донецк облысындағы оқиғалардың артында Ресей тұрғанын растайтын құжаттары барын және өздері ұстаған 17 адамның арасында Ресей агенттері анықталғанын мәлімдеді.

Украина үкіметінің дерегінше, шекаралас аймақтарда шоғырланған Ресей армиясы толықтай соғыс дайындығына келтірілген.

Мәскеу Украинадағы жағдайларға қатысы барын жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG