Accessibility links

«Антиеуразиялық форум» туралы веб-материалдар ашылмай қалды


Интернет клубта Азаттық веб сайтын оқып отырған жігіт. Көрнекі сурет
Интернет клубта Азаттық веб сайтын оқып отырған жігіт. Көрнекі сурет

Интернет қолданушылар Алматыда өткен «Антиеуразиялық форум» жайлы мақалалар мен видеолар ашылмай қалғанын айтады. Ал Астанада Еуразия Одағына қарсы белсенді ұсталды.

Жергілікті интернет қолданушы Жігер Мақсатов Алматыда сәуірдің 12-сі күні өткен «Антиеуразиялық форум» туралы бірнеше вебсайтта жарияланған материалдарды аша алмағанын айтады.

«Бұл форум туралы ақпарат Қазақстан сайттарында аз шықты. Ал шыққан материалдарды бірден аша алмадық. Блокталған мақалаларды арнайы анонимайзерлер мен кодтар арқылы аштым» деді ол Азаттыққа.
Алматы тұрғыны Айзат Ахметова да Азаттыққа «Антиеуразиялық форум» жайлы материалдардың бұғатталып тұрғанын айтты.

Азаттық тілшісі мұндай шағымдарды зерттеу барысында «Антиеуразиялық форум» жайлы материалдардың көбін «Қазақтелеком» компаниясына қарасты «Мегалайн» провайдерінің қызметін пайдаланатын интернет қолданушылары ашып оқи алмағанын анықтады. Ал Kcell, Beeline, Altel ұялы компанияларының интернет жүйелерінде бұл материалдар ашылып тұр.

«Антиеуразиялық форум» туралы мақала жариялаған «Уральская неделя» газетінің тұтас сайты «Мегалайн» интернетін пайдаланатындар үшін ашылмай қалған. Газеттің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров Азаттыққа:
Лұқпан Ахмедияров, тәуелсіз журналист
Лұқпан Ахмедияров, тәуелсіз журналист


«Біздің сайтымызға Қазақстан интернет қолданушылары кіре алмай қалды. Кей қолданушылар сайтқа тек анонимайзер арқылы кіргендерін айтып жатыр. Ал шетелдегі таныстарымыз сайт еш кедергісіз ашылып тұрғанын айтты» деді.
Азаттық радиосының да бұл форумнан дайындаған мақаласы біраз уақытқа дейін ашылмай тұрды.

Осыған байланысты Азаттық тілшісі «Мегалайнға хабарласқанда аты-жөнін атамаған компания маманы:

«Ешқандай сайтқа бұғау қойылған жоқ. Біз тек соттың шешімі болған жағдайда сайттарға бұғау қоя аламыз. Жеке сайт немесе парақша ашылмаса, сайттың ішкі серверінде қателік бар» деді.

Ал программист, интернет маманы Сұлтан Серіков Азаттыққа мақалалардың ашылмай қалу себебін өзінше түсіндіріп берді.

«Сайттағы белгілі бір бетті немесе мақаланы провайдер арқылы бұғаулап тастауға болады. Яғни мақаланың тек URL-адресіне кедергі қояды. Мақала қайта ашылу үшін URL адресін өзгерту жеткілікті. Ал сайтты толық жауып тастау үшін DDOS-шабуыл жасалады» дейді маман.

Осы тақырыпқа қатысты мақаламызды оқыңыз: Қазақстанда анонимайзермен интернет қарау дағдыға айналды

«16/12» ақпараттық арнасының «Антиеуразиялық форум» жайлы Youtube-ке жариялаған екі видеосы стандартты http адресі бойынша барлық интернет провайдерінде ашылмай тұр. Бұл видео тек https адресімен ғана ашылады.
Сәуірдің 12 күні Алматыда бес жүзге тарта қоғамдық белсенді қатысқан «Антиеуразиялық форум» өткен еді. Жиын мамыр айында Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары қол қояды деп жоспарланған Еуразия экономикалық одағын құру келісіміне қарсы ұйымдастырылған. Форумда сөйлеген белсенділер Қазақстанды «тәуелсіздігін жоятын одаққа кірмеуге» шақырған.

Ал сәуірдің 14-і күні Астанадағы Ресей елшілігінің алдында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне наразылық білдірген белсенді Мұратбек Арғынбековті полиция ұстап әкетті.

Сәуірдің 15-і күні Қазақстан, Ресей және Беларусь премьер-министрлері Мәскеуде Еуразия экономикалық одағының құрылуына байланысты жиын өткізіп, келісім- шарттың жобасын талқылайды деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG