Accessibility links

Шығыс Украинада Ресей туы бар әскери техника жүр


Ресей туы бар әскери техника
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00

ВИДЕО: Ресей туын көтерген бронды техника мен қарулы адамдар. Славянск қаласы, Украина, 16 сәуір 2014 жыл.

Ресей туын көтерген бронды әскери техникалар бүгін Украинаның Краматорск қаласынан Славянск қаласына барды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бронды техникалар ресейшіл сепаратистер Славянскідегі әлі бақылауында ұстап тұрған қалалық әкімшілік маңына тоқтаған. Бронды техникаларда жасыл түсті камуфляж киген ондаған қарулы адам отырғаны байқалған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, бұл әскери техникалар - бүгін таңертең Краматорскіде өздерін "Донецк халық республикасының" өкілдері санайтын ресейшіл белсенділердің украиналық әскерилерден тартып алған әскери көліктер. Басқа ақпарат көздері оларды "ресейшіл сепататистер жағына өткен" украиналық әскерилер техникалары дейді.

Бүгін ресейшіл сепаратистер Донецк қалалық әкімшілігін басып алған. Қалалық әкімшіліктің ресми өкілінің айтуынша, Калашников автоматымен қаруланған жиырма шақты адам кеңсеге басып кіріп, бақылауға алған. Олар Украинаның федерациялық басқару жүйесіне өтуін талап еткен.

Сепаратистер бұған қоса Украинаның шығысындағы сегіз қалада үкімет ғимараттарын басып алуды жалғастырып жатыр.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі 15 сәуірде елдің шығысында антитеррорлық операция бастап, Краматорск қаласындағы шағын әскери әуе базасын қайта бақылауына алған.

Ресей президенті Владимир Путин Украина "азаматтық соғысының алдында тұр" деп мәлімдеген.

Киев пен батыс елдерінің Украинаның шығысындағы тәртіпсіздіктерді Ресей ұйымдастырып отыр деген айыбын Мәскеу жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG