Accessibility links

Сот "Әблязовты қолдаушы" ісінде белсенділерді айыпты деп тапты


Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясының Қарағанды облыстық филиалының бұрынғы басшысы Валентина Махотина бүгін Азаттыққа Қарағанды сотының өзіне қатысты шығарған айыптау шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Марат Мақажанов осы аптада Теміртау қаласының тұрғыны Кристина Захарованың оппозициялық екі белсенді - Қарағанды қаласының тұрғыны Валентина Махотина мен Көкшетау қаласының тұрғыны Марат Жанұзақовтың үстінен жазған шағымын ішінара қанағаттандырған еді.

Шағымға биыл 18 ақпанда Францияның әділет министріне жазылған үндеу себеп болған. Үндеуде тіркелмеген "Алға" партиясының белсенділері Франция министрінен осы елде ұсталып, қамауда отырған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті Ресейге немесе Украинаға қайтармауды сұраған. Үндеуде Кристина Захарованың да қолы болған. Бірақ ол үндеуге өзінің рұқсатынсыз қол қойылғанын айтып, сотқа шағымданған.

Шағымды қараған сот Махотина мен Жанұзақовтың әрқайсысына Захарованың пайдасына 50 мың теңгеден өндіріп беруді міндеттеген.

Махотина өзіне қарсы істі "ойдан құрастырылған" дейді. Ол өзінің қазір тыйым салынған "Алға" партиясына және Захарованың Әблязовті қолдаған үндеуге қол қоюға "ешқандай қатысы жоғын" айтады.

"Алғаның" Ақмола облыстық филиалының бұрынғы жетекшісі Марат Жанұзақов Азаттыққа үндеуге еш қатысы жоғын және өзі Ақмола облысында тұратындықтан шағым өзінің тұрғылықты жері бойынша берілуі шарт екенін айтты.

Екі белсенді Қазыбек би аудандық сотының шешіміне апелляциялық шағым түсіретіндерін білдірді.

Марат Жанұзақов бұған дейін де осыған ұқсас бір сотта сырттай жауапкер атанған. 11 сәуір күні Орал қалалық соты оны және жергілікті белсенді Асқар Шайғұмаровты арызданушы Руслан Әбденовке айыппұл төлеуге міндеттеп үкім шығарған. Оралдық белсенді Әбденов бұл екеуін өзінің келісімін алмай Францияның әділет министріне Мұхтар Әблязовты қорғап жазылған хатқа қол қоюшы ретінде көрсетті деп айыптаған.
XS
SM
MD
LG