Accessibility links

Астанада Қашаған жайы талқыланды


Каспий теңізіндегі жасанды арал. (Көрнекі сурет)

Каспий теңізіндегі жасанды арал. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашаған мұнай кенішін игерумен айналысып жатқан консорциумға Қазақстанның "құқықтық тұрғыда қысым жасай алмайтынын" айтты деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Қарабалиннің сөзінше Астанада 17 сәуірде үкімет мүшелерінің консорциум құрамындағы компаниялардың өкілдерімен кездесуінде ол кенішті игеру жұмыстарының қарқынына Қазақстанның "көңілі толмайтынын" жеткізген.

"Біз консорциумға қысым жасай алмаймыз. Бұл үлкен әрі қауіпті кеніш" деген Қарабалин.

2013 жылы қыркүйектен бастап мұнай өндіріле бастаған Қашағанда екі рет төтенше оқиға болған еді. Теңіздегі жасанды аралдан "Болашақ" зауытына баратын құбырдан былтыр қыркүйек пен қазанда газдың сыртқа шығып жатқаны анықталып, мұнай өндіру тоқтатылған. Қазір Қашағанда мұнай өндіру доғарылып, кеніште тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев "Қашаған кенішінен биыл коммерциялық мақсатта мұнай өндірілмей қалуы мүмкін" екенін айтқан.

Қарабалин Қазақстан үкіметі кеніштегі құбырларды тексеру нәтижесі мамыр айының соңына дейін шығады деп күтіп отырғанын айтты.

"Егер құбырдың теңіздегі бөлігінде жарықшақ, я сызат бары анықталса, онда жағдай бұдан да қиындайды. Себебі құбырдың теңіздегі бөлігін де айырбастау қажет болады да, биыл мұнай өндірілмей қалады" деген Қарабалин.

Қашаған жобасында қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, француздың Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз), қытайлық China National Petroleum Corporations (8,4 пайыз) компанияларының үлесі бар.
XS
SM
MD
LG