Accessibility links

Беларусь астанасы Минскіде тағы бір өлім жазасы орындалды. Бұл туралы Минскідегі "Вясна" құқық қорғау ұйымы хабарлады.

23 жастағы Павел Селюн өлім жазасына былтыр кесілген. Оған "әйелі мен оның ашынасын өлтірді" деген айып тағылған.

"Вясна" құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, Павел Селюннің анасы ұлына тағайындалған өлім жазасының орындалғанын адвокаттан естіген.

Селюннің туыстарына үкімнің орындалатын мерзімі хабарланбаған еді. Беларусь заңдары бойынша, өлім жазасы орындалғаны туралы сотталушының туыстарына бірнеше күннен кейін, почта арқылы ғана хабарланады.

"Вясна" ұйымының хабарлауынша, Селюннің өлім жазасы үкімі БҰҰ-дағы оның апелляциялық шағымы қаралғанға дейін орындалып кеткен.

Беларусь - Еуропадағы өлім жазасын қолданатын жалғыз ел. Бұған дейін, желтоқсан айында, бұл елде 53 жастағы Эдуард Лыковтің өлім жазасы үкімі орындалған еді. Ол да кісі өлімі айыбымен сотталған.
XS
SM
MD
LG