Accessibility links

Украина сепаратистері Женева келісімін орындамай отыр


Ресейшіл сепаратист. Украина, Славянск, 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейшіл сепаратист. Украина, Славянск, 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Донецкіде облыстық әкімдікті басып алып, "Донецк халық республикасын" жариялаған ресейшіл белсенділер ғимаратты босатудан бас тартып отыр. Өзін "халық губернаторы" деп жариялаған Денис Пушилин Ресей телеарнасынан сөйлеп, Женевада жасалған келісімдерге бағынбайтынын мәлімдеді.

Бүгін таңертең Славянскінің бір топ тұрғыны қала әкімдігін басып алған ресейшілдерден ғимаратты босатуды талап етті. Азаттықтың Орыс қызметі тілшісінің ақпаратына қарағанда, қалада көптеген дүкендер жабылып қалған, көшеде әскери форма киген қарулы адамдар жүр.

"Новости Краматорска" порталы Краматорск қаласының жанындағы Сергеевка елді мекенінде Украина әскерилері ресейшілдер орнатқан бақылау-өткізу пунктін атқылағанын хабарлады. Хабарларға қарағанда, Украина десантшылары сепаратистер шоғырланған Славянскіге кіру үшін ресейшілдердің бақылау-өткізу пунткін жойған.

Бүгін Украина әскерилері Краматорск қаласының радиотолқын таратушы орталығын сепаратистерден босатты.

17 сәуір күні Украина дағдарысын Женевада талқылаған Ресей, АҚШ, ЕО және Украина өкілдері жағдайды тыныштандыру жолдарын белгілеген еді. Құжатта «Заңсыз қарулы құрылымдардың барлығы қарусыздануы, заңсыз басып алынған ғимараттар мен нысандардың барлығы легитимді иелеріне қайтарылуы, Украина қалаларындағы заңсыз басып алынған барлық көшелер мен алаңдар босатылуы керек» екені айтылған. Ал ғимараттарды басып алған сепаратистерге рақымшылық жарияланды.
XS
SM
MD
LG