Accessibility links

Арон Атабек Павлодар түрмесіне ауыстырылған


Диссидент Арон Атабек.

Диссидент Арон Атабек.

Диссидент, 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына байланысты іс бойынша сотталған Арон Атабек (Арон Едігеев) Павлодардағы АП-162/1 түрмесіне ауыстырылды.

Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған оның ұлы Асқар Айдархан әкесінің басқа түрмеге ауысқаны туралы хабарламаның электрондық поштамен келген көшірмесін көрсетті. Хабарламада Арон Атабектің Павлодардағы түрмеге 7 сәуірде әкелінгені айтылған.

Арон Атабек былтыр желтоқсанда Қарағанды облысының Қаражал қаласындағы түрмеден Қарағандыдағы тергеу изоляторына этаппен жеткізілген еді. Сол кезден бері оны үйіне жақын, Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруы мүмкін деген болжам айтылған.

Бірақ кейін Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы Азаттыққа бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Ақын, әрі диссидент Арон Атабек Алматының Шаңырақ ықшамауданындағы 2006 жылғы оқиғаларды ұйымдастырған деген айыппен 18 жылға сотталған еді. Ол оқиғадан бір полицей қаза тапқан.

Қаражал түрмесінде жазасын өтеу кезінде Атабек Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы өлеңдер жазған. Оны "түрме режимін бұзды" деп екі рет Қостанай облысының Арқалық қаласындағы тәртібі ең қатаң түрмеге ауыстырған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті қолдап, бірнеше рет мәлімдемелер жасаған. Лондонда орналасқан журналистер мен жазушылардың халықаралық клубы диссиденттің өлеңдерін жариялап тұрады.
XS
SM
MD
LG