Accessibility links

Қазақстан СІМ Гитлер туралы журнал нөмірін айыптады


Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Аңыз адам" журналының Адольф Гитлер туралы нөмір шығаруын "мүлдем орынсыз және өрескел жайт" деп санайтынын мәлімдеді.

Министрліктің баспасөз қызметі 21 сәуірде таратқан мәлімдемеде:

"Бұл миллиондаған адамдардың, әсіресе фашизмге қарсы қайсарлықпен күрескен, отанымызды жан түршіктірген гитлерлік машинадан қорғаған Ұлы отан соғысы ардагерлерінің және соғыс алаңында қаза тапқан жауынгерлердің сезімдері мен жадын жәбірлеушілік деп білеміз. Қазіргі таңда Қазақстанның құзыретті органдары аталған журналдың мазмұнына қатысты Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамаларына қарама-қайшылығы тұрғысынан заңды баға берумен айналысуда, соның нәтижелері бойынша қорытындылар шығарылып, тиісті шаралар қолданылатын болады" деп жазылған.

Мұның алдында Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Қазақстанның СІМ-не "Аңыз адам" журналының сәуір айында шыққан Адольф Гитлерге арналған қарама-қайшы мазмұнды нөміріне қатысты наразылық нотасын жіберген еді.

Қазақстанның байланыс және ақпарат агенттігі бұл журнал нөміріндегі материалдарда Конституция заңдарын бұзушылық пен әлеуметтік араздық тудыру байқалатынын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG