Accessibility links

Чубаров Ресей азаматтығын алу ниеті жоғын айтты


Қырым татарлары Меджилисінің жетекшісі Рефат Чубаров.

Қырым татарлары Меджилисінің жетекшісі Рефат Чубаров.

Қырым татарлары Меджилисінің басшысы Рефат Чубаров ақпарат құралдарында пайда болған "Чубаров Ресей төлқұжатын алуға ниетті" екені туралы ақпаратты терістеді. Чубаров 23 сәуірде Facebook парақшасында ол ақпаратты таратқандар өзін дұрыс түсінбей қалғанын айтты.

Ресей журналисінің "Сіз бәрібір Ресей төлқұжатын аласыз ба?" деген сұрағына Чубаров: "Әрине, халқыммен бірге өмір сүремін" деп жауап берген. Бірақ ол халқымен бірге, өз отанында өмір кешу Украина азаматтығынан бас тартып, Ресей төлқұжатын алу емес екенін айтады. "Ашу үстінде мені сөккендерді кешіремін" деп жазады Чубаров.

22 сәуірде Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Джемилевтің 2019 жылға дейін бес жылға Қырымға кіруіне тыйым салынғаны белгілі болған еді. Джемилевке Киевке кетіп бара жатқанда Қырым мен Украинаның шекарасында тапсырылған тыйым салу туралы ескерту қағазының қайдан шыққаны белгісіз. Себебі онда лауазымды тұлғаның қолы мен мөрі жоқ, ресми шешім де көрсетілмеген.

Бұған қоса 21 сәуірде Қырымның ресейшіл билігі Мұстафа Джемилев пен Рефат Чубаровты "Қырым" мемлекеттік телерадиокомпаниясының эфирінен көрсетуге тыйым салғаны да жария болды.

Қырым халқының 12 пайызын құрайтын қырым татарларының көпшілігі наурыз айында өткен, аймақтың Украина құрамынан шығып Ресейге қосылуын қолдаған референдумға байкот жариялаған еді.
XS
SM
MD
LG